Алматының Алмалы ауданында тұрғындардың бастамасымен жүзеге асқан абаттандыру жобалары кезең-кезеңімен аяқталып келеді. Жаяу жүргіншілер аймақтары кеңейіп, жаңа қоғамдық кеңістіктер ашылуда. Сонымен қатар тарихи тұрғын үйлердің қасбеттері де жаңартылып жатыр. Атқарылған жұмыстармен тілшіміз Ғазиза Әмірбек танысып қайтты.
Алмалы ауданында «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында бірнеше жоба жүзеге асуда. Панфилов көшесінде жаяу жүргіншілер жолы жаңартылып, ескі тротуарлардың орнына брусчатка төселді. Сондай-ақ тарихи тұрғын үйлердің қасбеттерін жаңарту жұмыстары жүріп жатыр. Биыл жобаға 60 тұрғын үй енгізілген. Жөндеу кезінде ғимараттардың сәулеттік келбеті сақталып, қасбеттері мен сыртқы жарықтандыру жүйесі жаңартылуда.
АРМАН ШАМШИН, АЛМАЛЫ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ:
18мың кустарник ектік. Тратуарлар асфальттанған, бірақ көп жері тозып кеткен. Соны жаңадан брусчатканы қойдық. Біз фасадты жаңадан жасап жатырмыз, кейбіреулерін бояп, мысалы егер ракушечный болса бұрынғы оны тазалап, қайтадан освещение, фасадтарды қойып, соны жасап жатырмыз. Қазіргі таңда біз 4-5 үйді бітірдік, оның ішінде 50 үйден астамында жұмыстар жалғасуда.
Ауданда тұрғындардың сұранысына сай жаңа демалыс аймағы да пайдалануға берілді. Мұнда балалар және спорт алаңдары кеңейтіліп, жаңа орындықтар, перголалар мен су бүрку жүйесі орнатылған. Тұрғындардың айтуынша, мұндай қоғамдық кеңістіктер бос уақытты жайлы өткізуге мүмкіндік береді.
ЖАНАТ ЕЖАНОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Барлығын үлкейтті, мынау детский площадканы да үлкейтті, спортивный площадканы да үлкейтті. Мынандай әдемі лавочкаларды қойды, пергаланы да қойды. Кешкісін шыққанда мынау су шашады. Су шашқан соң өте жақсы прохладно болып тұрады.
Жергілікті биліктің айтуынша, ауданды көркейту жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасады. Биыл тарихи тұрғын үйлердің қасбеттерін жаңарту, қоғамдық кеңістіктерді көбейту және көгалдандыруға басымдық берілген. Негізгі мақсат, тұрғындарға жайлы, қауіпсіз әрі заманауи қалалық орта қалыптастыру.