Францияда алапат орман өртіне байланысты тұтас түбектен халық көшіріліп жатыр

Фото: Europa Press via Getty Images

Франция билігі елдің оңтүстік-батыс жағалауындағы Кап-Ферре мүйісінен тұрғындар мен туристерді эвакуациялап жатыр

Жиронда өңірінде кең аумақты шарпыған алапат орман өрттері ондаған мың адамның қауіпсіз жерге шығатын жолын жауып тастауы мүмкін. Мұндай жағдай көршілес Испанияның бірнеше өңірінде де болып жатыр. 

Француз өрт сөндірушілері 87 шаршы шақырым аумақты шарпыған өртті ауыздықтауға тырысып жатыр. Әзірге Аркашон шығанағының солтүстік жағалауындағы тар жер белдеуі ғана аман қалған. Бұл – Бордо аймағындағы танымал курорт Кап-Ферреден шығатын жалғыз жол.

Францияның Ішкі істер министрі Лоран Нунестің айтуынша, жақын уақытта 40 мың адам эвакуацияланады. Жүздеген тұрғын мен турист Кап-Ферреден теңіз арқылы кеткен. Қалғандары Бордомен жалғайтын D106 тасжолы арқылы шығарылмақ.

“80 үй өртенді, оның 50-і толықтай жойылды”, – деді министр Жирондадағы жағдайға қатысты.

Оның сөзінше, жыл басынан бері Францияда 50 мың гектар (500 шаршы шақырым) жер өртеніп кеткен. Бұл шамамен Паристей бес қаланы сыйғызуға болатын аумаққа тең. Былтырмен салыстырғанда орман өртінің көлемі үш есе артқан. Өткен аптада Париждің өзі де өрт қаупінің алдында тұрды. Ел астанасының оңтүстігіндегі Фонтенбло орманы өртенді.