Ақмола облысында 18 жастағы жігітті тоқ соғып, көз жұмды

Фото: Артем Чурсинов

Оқиға кезінде зардап шеккен тағы бір жасөспірім ауруханаға жеткізілді.

Ақмола облысында 18 жастағы жігіт электр тогынан қаза тауып, тағы бір жасөспірім ауруханаға түсті.

Ақмола облысы полиция департаментінің мәліметінше, 22 шілдеде Көкшетау қалалық полиция басқармасында 2008 жылы туған жігіттің электр тогынан қаза табу дерегі тіркелген.

Алдын ала мәлімет бойынша, Тәшенов көшесіндегі ғимараттың қасбетін бөлшектеу кезінде металл профиль электр беру желісіне тиіп кеткен. Соның салдарынан жас жігіт өмірімен сыйыспайтын электр жарақатын алған.

Оқиға орнында болған кәмелетке толмаған тағы бір жасөспірім де электр жарақатын алып, ауруханаға жеткізілген.

Аталған факті бойынша еңбек қауіпсіздігі қағидаларын бұзу бабымен сотқа дейінгі тергеу басталды. Қажетті сараптамалар тағайындалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Полицияның хабарлауынша, тергеу нәтижесі бойынша оқиғаға қатысы бар барлық тұлғаның әрекетіне құқықтық баға беріледі. Заңда көзделген негіздер болған жағдайда кінәлілер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапқа тартылады.

Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, зардап шеккен жасөспірім көпсалалы облыстық балалар ауруханасына жеткізілген.

Дәрігерлердің айтуынша, науқастың жағдайы тұрақты, өміріне тікелей қауіп жоқ. Ол бірнеше сағат жансақтау бөлімінде бақылауда болып, қазіргі уақытта толық көлемде медициналық көмек алып жатыр.