Павлодар облысында қызылшаға шалдыққандар саны күрт өсті

Фото: istockphoto.com

Жыл басынан бері өңірде 398 адамнан қызылша анықталды.

Жыл басынан бері Павлодар облысында қызылшаның 398 жағдайы тіркелді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда төрт есе көп.

Дәрігерлердің мәліметінше, науқастардың басым бөлігі – 14 жасқа дейінгі балалар. Мамандар аурудың көбеюінің негізгі себептерінің бірі ретінде тұрғындардың вакцинадан бас тартуын атап отыр. Өңірде екі мыңнан астам адам профилактикалық екпе алмаған.

Медицина қызметкерлері ата-аналарды балаларын уақытылы вакцинациялауға шақырады. Өйткені екпе қызылша мен басқа да қауіпті жұқпалы аурулардың алдын алудың ең тиімді жолы болып қала береді.

Алдын алу шараларының нәтижесінде маусым айында қызылшаға шалдығу көрсеткіші 36 пайызға төмендеді. Сонымен қатар вакцинадан бас тартқан ата-аналармен жүргізілген жеке түсіндіру жұмыстары да оң нәтиже берді. Өткен жылы 639 балаға екпе салынса, биыл 244 бала вакцина алды, – деді Павлодар облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Зәмзагүл Досжанова.