Тұңғыш қазақ ғарышкері 80 жасқа толды

  • AstanaTV
  • 27 шілде 2026

Бүгін тұңғыш қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіров мерейлі 80 жасқа толды. Оның ғарышқа сапары қазақ елінің ғылымы мен мүмкіндігін әлемге танытып, ұлттық тарихтағы айтулы белеске айналды. Саналы ғұмырын авиация мен ғарыш саласының дамуына арнаған тұлғаның өмір жолы – қайсарлықтың, табандылықтың және елге адал қызмет етудің жарқын үлгісі.

1991 жылдың 2 қазаны. Байқоңырдан көкке атылған зымыранмен бірге тұтас ұлттың асқақ арманы аспанға көтерілді. Тоқтар Әубәкіров әрбір қазақ баласына ғарышкер болу мүмкін екенін дәлелдеп, көк жүзін бағындырды.

МЕЙІРБЕК МОЛДАБЕКОВ, ТЕХНИКА ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ:

Қазақтың қандай екенін көрсету үшін сол азаматты таңдап, сол бірінші біздің ғарышкер болады деп Кеңес одағы басшылығымен келісіп таңдалды. Толық дайындықтан өткен жоқ. Өйткені оның ұшақ басқарудан дайындығы мол еді.

ТОҚТАР ӘУБӘКІРОВ, ҚАЗАҚТЫҢ ТҰҢҒЫШ ҒАРЫШКЕРІ, ХАЛЫҚ ҚАҺАРМАНЫ:

Өздері таңқалып, не прашют басқа нелерді суды бәрін засчет қылды. Тез оқуды бітіргенім содан болды ғой. Центр фугадан космонавтар менікіндей айналмапты да. 18 рет менің денем күшейді. Оларда 12 рет қана.

Батыр ғарышта экипаж командирі Александр Волков және австриялық Франц Фибекпен бірге 7 күн, 22 сағат бойы болды. Орбитадағы әрбір секунд үлкен жауапкершілік пен темірдей тәртіпті талап еткен еді.

Тоқтар Әубәкіров ғарышқа тек саяхаттап қайтқан жоқ. Отандық 300-ден астам ғалым әзірлеген арнайы бағдарлама бойынша Аралдың экологиясын зерттеп, тұздың Солтүстік Мұзды мұхитқа дейін ұшатынын дәлелдеді.

МЕЙІРБЕК МОЛДАБЕКОВ, ТЕХНИКА ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ:

Ол тек қана ғылыми зерттеу жұмысын атқарып қайтты. Қазақстанның ғалымдары бағдарлама дайындады. Соны өткізіп ғылымға үлкен жаңалық алып келді. Кеңес Одағы ыдырайтын кезеңнің алдында еді. Ол кісінің тағы бір статусы тұңғыш қазақ ғарышкерімен қатар соңғы Кеңес Одағының ғарышкері деген статусы бар.

Тоқтар Әубәкіровтің өмір жолы - қайсарлық пен отансүйгіштіктің жарқын үлгісі. Бүгін мерейлі 80 жасқа толған ардагерді Мемлекет басшысының атынан Премьер-министр Олжас Бектенов құттықтап, оның Қазақстанның халықаралық беделін арттыруға, ғылым мен қорғаныс өнеркәсібін дамытуға сіңірген еңбегін ерекше атап өтті. Ғарышқа жол салған саңлақтың есімі ұлт тарихындағы ең қастерлі тұлғалардың бірі болып қала береді.