Қазақстанда жұмыспен қамтылған әйелдер саны 4,5 миллионнан асты

Фото: pixabay

2026 жылдың I тоқсанында Қазақстанда жұмыспен қамтылған әйелдер саны 4 млн 527,1 мың адамға жетті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 42,6 мың адамға немесе 0,9%-ға көп.

2026 жылғы I тоқсанда жүргізілген халықтың жұмыспен қамтылуын іріктеп зерттеу нәтижесіне сәйкес, жұмыспен қамтылған әйелдердің 79,6%-ы (3 млн 602 мың адам) жалдамалы қызметкер болса, 20,4%-ы (925,1 мың адам) өзін-өзі жұмыспен қамтыған.

Әйелдер ең көп еңбек ететін салалар

Елімізде жұмыспен қамтылған әйелдердің басым бөлігі дәстүрлі түрде білім беру саласында жұмыс істейді. Бұл бағытта 902,2 мың әйел еңбек етеді, бұл барлық жұмыспен қамтылған әйелдердің 19,9%-ын құрайды.

Одан кейінгі орындарда:

  • Көтерме және бөлшек сауда – 877,6 мың адам (19,4%);
  • Денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсету – 426,3 мың адам (9,4%);
  • Өнеркәсіп – 388,1 мың адам (8,6%);
  • Ауыл, орман және балық шаруашылығы – 351,2 мың адам (7,8%).

Ең жоғары өсім қай салаларда тіркелді?

Бір жыл ішінде жұмыспен қамтылған әйелдер санының ең жоғары өсімі:

  • жылжымайтын мүлікпен операциялар саласында – 25,7%;
  • әкімшілік және қосалқы қызмет көрсету саласында – 21,9%;
  • көлік және қоймалау қызметінде – 16,2%;
  • өнеркәсіпте – 7,6% болды.

Өңірлердегі өсім

Өңірлер арасында жұмыспен қамтылған әйелдер санының ең жоғары өсімі:

  • Қарағанды облысында – 7,8%;
  • Ақтөбе облысында – 6,5%;
  • Алматы қаласында – 6,3%;
  • Түркістан облысында – 6,1% тіркелді.

Қалада жұмыс істейтін әйелдер саны басым

Зерттеу деректеріне сәйкес, жұмыспен қамтылған әйелдердің басым бөлігі қалаларда тұрады. Қалалық жерлерде жұмыспен қамтылған әйелдер саны 3 млн 8,5 мың адамды құрады. Бұл көрсеткіш ауылдық жерлермен салыстырғанда жоғары.