Трамп заңды бұзып, үшінші рет Президент сайлауына түспекші. Сәуірде журналистермен жиынында атыс болып, мерекелік шара кейінге қалдырылған еді. Осы демалыста қайта өткен дәстүрлі жиында кезекті рет медиа өкілдерін мазақ етумен болды. Трамптың өзі де бүкіл әлемге мазақ бола бастағандай. Себебі, Ирандағы соғысты жалғастыруға қауқары жоқ деген ақпарат тарауда. Себебі, қоймаларда зымырандар таусылып қалып, келіссөз жүргізуге мәжбүр болды деген қауөсет өріп жүр. Шартараптағы соңғы жаңалықтарды Еркелді Тілеуқұл шолып шықты.
Трамп заңды бұзып үшінші рет Президент сайлауына түспекші. Бұл журналистерді мазақ еткені ме, әлде рас айтқаны ма ешкім түсіне алмады. Ақ үй басшысы осы демалыс кейінге шегерілген журналистермен салтанатты жиынды жүргізіп, медиа өкілдерін мазақ етті.
ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:
Бұл жерде мені қатты жек көретін адамдардың үлкен шоғыры жиналды. Бұндайды мен ешқай жерден көрмегенмін. Өткендегі, жиында атыс болып, кейінге шегерілгені сіздерді Құдай сақтап қалғаны. Әйтпегенде, сіздердің кім екендеріңізді беттеріңізге айтып, масқараларыңызды шығаратын едім. Жалпы, ненің болса да, екі рет болғаны жақсы. Үшінші рет, болса одан да жақсы. Шоу ешқашан тоқтап қалмауы керек. Сондықтан, мен үшінші рет сайлауға түсуге шешім қабылдадым.
Трамптың соғыс жүргізетін қауқары қалмады. Батыс басылымдарында қоймалардағы баллистикалық және қанатты зымырандар әрі әуе қорғанысы кешендерінің де ракеталары таусылып қалғаны туралы ақпарат тарауда. Трамп мұны жоққа шығарып, оны айтқан басылымдарды келемеждеді.
ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:
Нью-Йорк тайм секілді басылымдар халыққа дым керек болмай қалды. Сендер секілді суайттарды Ақ үйге кім кіргізетінін түсінбеймін. Осы уақытқа дейін айтып келе жатырмыз. Иранның еш қаруы жоқ. Әуе қорғанысы кешендерін жойып жібердік. Қазір, олардың дымы қалмаған соң, көпірлері мен электростанцияларын бомбалап жатырмыз. АҚШ-та зымыран таусылып қалды деген адамды психиатриялық емханаға жатқызу керек.
Израиль Голан жоталарын Сирияға қайтаруы керек. Бұл туралы ел астанасы Дамаскке ресми сапармен келген Біріккен Ұлттар Ұйымының бас хатшысы Антониу Гутерриш мәлімдеді. Айта кетейік, 6 күндік соғыс кезінде Сирияға тиесілі Голан жоталарын Израиль басып алған еді.
АНТОНИУ ГУТЕРРИШ, БҰҰ БАС ХАТШЫСЫ:
Біз Израиль тарапынан жасылынып жатқан бассыздықтарға мүлдем қарсымыз. Голан жотасы Сириянікі. Бұл – халықаралық құқық нормаларымен бекітілген жайт. Біз осы позициямызды бұлтартпай сақтай отыра, тарихи әділдікті орнату үшін қолдан келгеннің барын жасаймыз.
Орман өрті Испаниядан шекара асып Францияға жетті. Тілсіз жау ел оңтүстігін түгел шарпыды. 250 мың адам лезде қауіпсіз жерге көшірілді. Осының арқасында қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ. Алайда, өрт ірі Бордо қаласына дендеп кіріп, бар-жоғы 15 шақырым қалды.