Шымкентте 21 жастағы Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты басты айыпталушы Шерхан Аймахан бүгін сотта жауап берді. "Аса қатігездікпен кісі өлтiру", "Некеге тұруға мәжбүрлеу" және "Сталкинг" баптары бойынша айыпталған 28 жастағы азамат өз кінәсін толықтай теріске шығарды. Сөзінше ол Нұрай Серікбаймен 2025 жылдың шілдесінен бастап қарым-қатынаста болған. Қызға қаржылай көмек көрсетіп, түрлі сыйлық жасаған. Қайғылы оқиға болған күні бойжеткенмен қарым-қатынасты тоқтату үшін кездескен. Ал қалтасында болған қос пышақты бардачоктан көріп, байқаусызда салып алғанын алға тартты. Сондай-ақ Аймахан денсаулығына қатысты мәселелер бар екенін және бұған дейін де есін жоғалту жағдайлары болғанын мәлімдеді.
ШЕРХАН АЙМАХАН, АЙЫПТАЛУШЫ:
Аффект жағдайында болғаннан кейін бірінші қоштасуға бардым, бірінші жүзігін лақтырды, сосын балағат сөздер айтып, кеудемнен ұра бастады. Содан кейін мен пышақпен ұр деп кішкентай пышақты бердім. Ол маған сол қолымен соққы жасағаннан кейін, мен өз өзімді жоғалтып алдым есімді. Ары қарай есімде жоқ.