Павлодарда көпқабатты үйдің қасынан өтіп бара жатқан әйелдің басына мұз құлады

Павлодарда көпқабатты үйдің қасынан өтіп бара жатқан әйелдің басына әлдебіреу мұз кесегін  лақтырған. Салдарынан  25 жастағы келіншектің басы жарылып, миы қозғалды. Оқыс оқиға тапа тал түсте болған. Бірақ, кімнің оған әдейі қастандық жасағаны белгісіз. Денсаулығына зиян келген әйел полиция қаскөйді табуға әрекет етпеді - деп шағымданып отыр. Оқиғаның мән-жайын тілішіміз Өзгеріс Қуанар біліп келді.

БЕЙНЕБАҚЫЛАУ КАМЕРАСЫНАН:

Аяна Тілектес оқиға болатын күні 3 жастағы қызын қол арабасына салып, үйіне бара жатыпты. 5 қабатты үйдің жанынан өте бергенде басына әлдебіреу мұз кесегін лақтырған. Қатты соққыдан  арба қолынан шығып кетіпті. Дереу есін жиған ол баласын ұстап үлгерген. Оқиға сол маңдағы бейнебақылау камерасына түсіп қалыпты.

АЯНА ТІЛЕКТЕС, ЗАРДАП ШЕГУШІ:

Осы оқиғадан кейін 6 күн ауруханада жаттым. Қатты соққыдан басым жарылды. Миым шайқалды. Қазір де басым жиі ауыратын болды. Көзіме зақым келген сияқты көруім нашарлап кетті.  Ал мұзды кім лақтырғанын көре алмадым. Көзім қарауытып жоғарыға қарап үлгермедім.

Аяна Тілектес өзіне қастандық жасаған  адамды таба алмай отыр. Полицияға бірнеше рет хабарласқанмен,  нәтиеже болмапты. Сол себепті полицияның әрекетсіздігіне шағымданып, әлеуметтік желіге жазған. 

АЯНА ТІЛЕКТЕС, ЗАРДАП ШЕГУШІ:

Мені жедел жәрдеммен ауруханаға апарған кезде учаскелік полиция қызметкері келіп, меннен жауап алып кетті. Осы іспен басқа полиция қызметкері айналысады  деген. Алайда, ешкім келмеді. Қаншама рет қоңырау шалып, қастандық жасаған адамды таптыңыздар ма - деп сұрадым. Үш апта өтсе де, айналысып жатырмыз дегеннен басқа жауап айтпады. Тек кешелі бері  әлеуметтік желіге шыққан соң ғана әрекет ете бастады.

Мұзды лақтырған адамды сол маңда ойнап жүрген бір топ бала көріпті. Айтуларынша, бесінші қабатта тұратын ересек бала лақтырған көрінеді.

Облыстық полиция департаменті аталған оқиға байланысты қылмыстық іс қозғағанын хабарлады.  Кінәлі тұлғаны анықтау үшін шаралар қабылдап жатқанын жеткізді.

АЛТЫНБЕК МЕДЬЯРОВ, ҚАЛАЛЫҚ ОҢТҮСТІК ПОЛИЦИЯ БӨЛІМІ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда. Осы фактіге қатысы бар тұлғаны анықтап, оны заңда белгіленген жауапкершілікке тарту бойынша барлық қажетті шаралар қабылдануда. Қылмыстық іс Павлодар облысы Полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында.

Денсаулық жағдайына байланысты қазір Аяна Тілектес жұмысқа шыға алмай отыр. Ал кінәлі адамның жазасыз қалмауын сұрайды.