Оралда өрт салдарынан төтенше жағдай жарияланды

Оралда алапат өрттің салдарынан төтенше жағдай жарияланды. Қала іргесіндегі қоқыс полигоны отқа оранып, облыс орталығы көк түтінге көмілді. Өңірде  жедел штаб құрылды. Қызыл жалын оқшауланды. Бірақ, әлі бықсып жатыр.  Қазір оты өшірілген аумаққа топырақ төгіп, рекультивациялау жұмыстары жүргізілуде. Өрт шыққан жерге жету қиын болғасын, ауыр техниканың көмегімен технологиялық жол салынған.  Дегенмен желдің күшеюі өрт сөндіру жұмыстарын қиындатып отыр.

ЖАНДОС ДҮЙСЕНҒАЛИЕВ, ҚАЛА ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Өртенген аумақтың көлемі 12 гектарға дейін жетті. Қазіргі таңда 10 гектарға дейін өрттің аумағы әлі бар. Енді нақты мен сізге айта алмаймын, тездетіп өшіруге жұмыстанамыз. Ертеңнен бастап желдің бағыты өзгеруі керек. Басқа бағытта, қалаға емес. Дегенмен қалаға болсын, болмасын, тездетіп осы полигондағы өртті оқшаулауға жұмыстанамыз.

Жоғары кернеулі электр желісіндегі ақаудан қала шетіндегі Хан тоғайы да отқа оранып, үйеңкі мен шаған ағаштары күлге айналды. Бұл аумақтағы қызыл жалын шамамен 18 гектар орман алқабын шарпыған. Өртті өшіруге екі тікұшақ алдырылып, әуеден 68 тонна су шашылды. 

НҰРАЛЫ МУСИЕВ, БҚО ТЖД БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Қатты жел болды. Сол желдің салдарынан өрт тез тарады. Дегенмен де бірлескен шаралардың арқасында орман өрті оқшауланып, одан әрі таралуына жол берілген жоқ. Белгіленген тәртіппен тергеу амалдары жүргізіліп, әкімшілік жауапкершілік болса, әкімшілік жауапкершілік қарастырылып немесе басқа да құзіретті органдарға жолдануы мүмкін материалдар.