Жамбылдық тұрғындар жоқ-жоқтың жырын айтып жыларман күйде жүр

  • AstanaTV
  • 28 шілде 2026

Тараз қаласының іргесіндегі «Қызылшарық» алабы тұрғындарының қала билігіне айтары көп. Бірақ тыңдайтын құлақ жоқ дейді. Ашынған ағайын қазіргі дамыған заманда 500 ден аса адамның өркениетсіз өмір сүріп жатқанын айтады.

«Қызышарық» алабының тұрғындары жоқ-жоқтан көз ашпай отыр. Мұнда 128 түтін, 500 ден аса тұрғын бар. Қала құрамына кіргеніне бір жарым жылдан асса да бір іс бітірмеген қала билігіне өкпелі. Ел қатарлы өмір сүруге ешқандай мүмкіндік қарастырылмағанын айтады.

ХАНЗАДА АЛШЕРОВА, ҚЫЗЫЛШАРЫҚ АЛАБЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Свет керек, бізге жол керек, бізге су керек, бізге медпунк керек. Бізге бала шағамызға жаңағы мектебі бар ма садигі бар ма, автобус бар ма?

АЙКҮН МАМЫТОВ, ҚЫЗЫЛШАРЫҚ АЛАБЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Одан кейін мынау көшеміздің атыда жоқ, үйіміздің нөмірі де жоқ. Ешқандай жедел жәрдем де таппайды. Екі үш күн бұрын осыдан өрт болды үй өртенді, қора өртенді. Өрт сөндірушілер бір сағат бойы айналып таппаған. Картада жоқ дейді.

КҮЛТАЙ МҰСАБЕКОВА, ҚЫЗЫЛШАРЫҚ АЛАБЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Олар бізді танымайды, біз оларды  танымаймыз. Сонымен мәңгүрт болып отырмыз. Мәңгүрт қылмай көзімізді ашып, бізді жарылқайтын біреу бар ма екен өзі?

Бұрынғы «Жаңа Жамбыл» саяжайындағы үйлер кезінде химия өндірісінде еңбек еткен ардагерлерге берілген. Осыған дейін Жамбыл ауданына қарайтын. Енді қалаға кірдік деп қуанғанда, бір адамның бас сұқпағанына қатты қынжылады. Жұрттың алдына шыққан аудан әкімінің орынбасары бәрінен мақұрым болып шықты. Сауалдарға мардымды жауап бере алмады. Халық амалсыздан, қала әкімдігіне барды. Шаһар басшысы тұрғындардың көкейіндегі мәселені тыңдап, қарамағындағылардың жұмысын сынға алды.  

БАҚЫТЖАН ОРЫНБЕКОВ, ТАРАЗ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Аудан әкімдігінің жұмысының деңгейі өте төмен. Халықпен жұмыс жасамайсыздар. Свет мәселесін биыл жыл соңына дейін толық шешіп береміз. Су мәселесін 27 жылы шешеміз, жобасы дайын. Ал, жол мәселесін 28 жылға қалдырамыз апа. Сондықтан сіздерді ешкім ұмытқан жоқ.

Тұрғындардың арызын тыңдаған әкім, жіпке тізгеН мәсЕлелерді кезең-кезеңімен шешіп беремін деп уәде етті. Алдымен елді мекенді картаға енгізіп, бір апта ішінде қоқыс шығару мәселесі шешімін табады деді.