Қазақстан тарапынан кездесуге ҰОК Бас хатшысы Әлімжан Ақаев пен Спорт департаментінің директоры Бектұр Қиятбай қатысты. Сербия делегациясын елдің ҰОК президенті Деян Томашевич бастап келді.
Кездесу барысында тараптар олимпиадалық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылады. Атап айтқанда, 2026 жылы Сенегалдың Дакар қаласында өтетін жазғы жасөспірімдер Олимпиадасына қатысу және 2028 жылы АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында ұйымдастырылатын жазғы Олимпиада ойындары қарсаңында өзара ықпалдастық мәселелері сөз болды.
Сондай-ақ командалық спорт түрлерін дамыту, тәжірибе алмасу және екі елдің Ұлттық Олимпиадалық комитеттері арасындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды.
Кездесу соңында тараптар серіктестікті одан әрі нығайтуға және олимпиадалық қозғалыс аясындағы ортақ бастамаларды бірлесіп іске асыруға ниетті екенін растады.