Павлодар облысында үй жануарларын серуендету қағидаларын бұзғандар анықталды

Polisia.kz

Күнделікті қызмет барысында полиция қызметкерлері үй жануарларын асырау және серуендету қағидаларының сақталуын бақылауды жүзеге асырады. Жыл басынан бері үй жануарларын асырау және серуендету қағидаларын бұзғаны үшін 175 үй жануарының иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

– Үй жануарын асырау – тек төрт аяқты досыңнан жағымды эмоция алу ғана емес, сонымен қатар заң алдындағы үлкен жауапкершілік. Мәселен, Павлодар қаласында полицияға тұрғындардың бірі ірі итті тұмылдырықсыз серуендететін ер адамға қатысты шара қолдануды сұрап жүгінген. Оның айтуынша, иттің тұмылдырықсыз жүруі көшедегі адамдарды қорқытады. Сондай-ақ тұрғындардан Бұқар жырау көшесіндегі тұрғын үй ауласында қарғыбауы бар неміс овчаркасы еркін жүгіріп жүргені туралы хабарлама келіп түсті. Учаскелік полиция инспекторы иттердің иелерін анықтап, оларды жауапкершілікке тартты. Өз кезегінде павлодарлықтар иттерінің жуас, сабырлы екенін және ешкімге тиіспейтінін айтып ақталды, - деп мәлімдеді Павлодар облысы полиция департаменті.

Полиция азаматтарға иттер мен мысықтарды тұрғын үйлердің аулаларында, балалар ойын алаңдарында, мектепке дейінгі балалар ұйымдарының аумақтарында, мектеп аулаларында, емдеу-профилактикалық және денсаулық сақтау медициналық мекемелерінің аумақтарында, стадиондарда, саябақтар мен гүлзарларда серуендетуге тыйым салынатынын еске салады. Егер жануарлар кіреберістерде, баспалдақ алаңдарында, спорт және балалар ойын алаңдарында, көгалдарда, тротуарларда, саябақтар мен гүлзарлар аумағында нәжіс қалдырса, оны иттер мен мысықтардың иелері өздері тазалауға міндетті. Сонымен қатар қоғамдық орындарда иттерді қарғыбаусыз және тұмылдырықсыз серуендетуге жол берілмейді.