Астанада "Болашақ ойындары" басталды. 34 елден келген 800 адам сегіз фиджитал спорт түрі бойынша бақ сынайды. Жарыстар цифрлық және физикалық кезеңдерді біріктіретін форматымен ерекшеленеді. Турнирдің салтанатты ашылу рәсіміне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев және Орталық Азия елдерінің президенттері қатысты. Бағдарлама барысында турнирдің символдық кейіпкерлері – I-Bot, Alem, Ar-Lan және I-Lin таныстырылды.
Фиджитал спорт әлемнің 115-тен астам елінде дамып келеді. Сондықтан Астанада мұндай ауқымды турнирдің өтуі Қазақстанның халықаралық спорт кеңістігіндегі орнын нығайтып, еліміздің заманауи спорттық трендтерге ашық екенін көрсете алады. Қазақстан заманауи ойындарды өткізіп жатқан үшінші ел. Турнир алғаш рет 2024 жылы Ресейде бастау алса, былтыр Абу-Дабиде жалғасты.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Астанадағы болашақ ойындары классикалық спорт пен кибер-индустриялық тоғыстырған жаһандық фиджитал қозғалысқа тың серпін береді деп сенемін. Қазір бүкіл әлемде түбегейлі өзгерістер болып жатыр. Озық технологиялар барлық салаға еніп, адамдардың тұрмыс-тіршілігіне ықпал тигізуде. Жаңа дәуірдің талаптарына сай болу үшін біз толық цифрланған мемлекет құруға кірістік.
Бір жыл бойы клубтар мен спортшылар әртүрлі турнирде өнер көрсетіп, Астанаға келу құқығына ие болды. Спорттың сегіз түрі, 800-ден астам спортшы және 1000ға жуық волонтер. Елордада өтетін ауқымды дода осындай көрсеткіштерімен ерекшеленбек. Ал жүлде қоры 5 млн долларға жуық.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Біз осы жылды цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жарияладық. Осылайша, цифрлық болашаққа нық сеніммен аяқ бастық. Бұл мемлекетіміздің алдында тұрған аса маңызды стратегиялық мақсат. Осы міндетті біз бәріміз біртұтас қоғам ретінде табысты іске асыруымыз қажет. Сондықтан, қазір елімізде жаңа заманға қажетті мамандар дайындау ісі тұрақты түрде жүзеге асырылып жатыр. Қазақстанда AI Sana мемлекеттік бағдарламасы арқылы қазырдің өзінде жүздеген мың азамат тиісті курзеттер мен дағдыларды меңгерді.
Бұл турнир бұрынғыдан өзгерек. Казань мен Абу Дабидегі жарыс түрлерінде жекелей форматтар болса, Астанада жарыстың клубтық түрі енгізілген. Командалар алдымен виртуалды аренада кездеседі, содан кейін жарыс футбол алаңында, баскетбол паркетінде немесе татамиде жалғасады.
ДЭН МЕРКЛИ, PHYGITAL INTERNATIONAL ҰЙЫМЫНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ:
Бүгінде фиджитал спорт әлемнің 115-тен астам елінде қарқынды дамып келеді. Ол спортшыларды, клубтарды, мемлекеттік құрылымдарды, технологиялық серіктестерді және спорт ұйымдарын біріктіретін жаһандық қозғалысқа айналды.
СКОТТ МАНН, ҚАЗАҚСТАН ФУТБОЛ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ БАС ХАТШЫСЫ:
Цифрлық футбол мен дәстүрлі футбол бір-бірін толықтырады. Бұл жанкүйерлермен байланыс орнатудың және спортты дамытудың тиімді алаңы. Сонымен қатар, бұл сала технологиялардың дамуына серпін беріп отыр. Робототехника, жасанды интеллект, дрондар мен VAR жүйесі секілді шешімдер футболды жаңа деңгейге көтереді.
Фиджитал спорттың басты ерекшелігі – мұнда ел намысын қорғайтын ұлттық құрамалар емес, клубтар бақ сынайды. Сондықтан бір команданың сапында әртүрлі мемлекеттердің спортшылары өнер көрсете алады. Қазақстан атынан 11 команда ел намысын қорғайды.