Ресейде жол апатынан екі қазақстандық қаза тапты. Жол-көлік оқиғасы Алтай Республикасының Ұлаған ауданында болған. Жергілікті полицияның мәліметінше, Toyota Avensis маркалы автокөлігінің жүргізушісі қарсы жолаққа шығып, ішінде бес жолаушысы бар Chevrolet Nexia көлігімен соқтығысқан. Алған жарақат салдарынан екі отандасымыз сол жерде көз жұмды. Тағы біреуі Горно-Алтайск қаласының ауруханасына шұғыл жеткізілген. Тергеу барысында Toyota көлігін тізгіндеген әйелдің жүргізу құқығы болмағаны әрі рөлге мас күйінде отырғаны анықталды.
ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ:
Дипломаттарымыз жергілікті билік орындарымен, медициналық мекемемен және зардап шеккендердің туыстарымен жедел түрде байланыс орнатты. Қажетті консулдық-құқықтық көмек көрсетіліп, сондай-ақ қаза тапқандардың мәйітін Отанына тасымалдауды ұйымдастыруға жәрдем көрсетіліп жатыр.