Құрылтайдың қызметі заң шығарумен ғана шектелмеуі керек. Сарапшылардың пікірінше, өкілді орган Үкімет жұмысына парламенттік бақылау жасап, халықаралық келісімдерді ратификациялау және мемлекеттік маңызы бар шешімдерді талқылау сияқты функцияларды да жүзеге асыруы қажет. Мұндай өкілеттіктер атқарушы биліктің ашықтығы мен есептілігін арттырып, қабылданатын шешімдердің сапасын жақсартуға ықпал етеді. Сонымен қатар, Құрылтайдың бюджет қаражатының жұмсалуын бақылауға қатысуы және қоғамдағы өзекті мәселелер бойынша пікірталас алаңына айналуы мемлекеттік басқарудың тиімділігін күшейтеді. Сарапшылар мұндай құзыреттердің нақты заңнамалық тетіктермен бекітілуі маңызды екенін айтады.
РИЗЗАТ ТАСЫМ, ИНСТИТУЦИОНАЛДЫ ТАЛДАУ ЖӘНЕ РЕФОРМАЛАР ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:
Құрылтайдың негізгі міндеті заң шығару болғанымен, қазіргі заманғы өкілді органның қызметі бұнымен шектелмейді. Ол Үкіметтің қызметіне тиімді бақылау жүргізіп, бюджеттің орындалуын қадағалап, халықаралық шарттарды ратификациялауға қатысуы тиіс. Сондай-ақ мемлекеттік маңызы бар бастамаларды талқылап, қоғамның мүддесін билікке жеткізетін негізгі саяси институттың біріне айналуы қажет. Бұл билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті сақтап, мемлекеттік басқарудың сапасын арттыруға мүмкіндік береді.