Қарағанды және Түркістан облыстарындағы төрт теміржол вокзалы жаңғыртылды

Фото: gov.kz

Қарағанды облысындағы Мойынты және Ақадыр, сондай-ақ Түркістан облысындағы Арыс-2 мен Темір теміржол вокзалдарын қайта жаңғырту жұмыстары аяқталды. Жобалар Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан еліміздегі 124 теміржол вокзалын жаңғырту бағдарламасы аясында іске асырылды.

Қайта жаңарту барысында вокзал ғимараттарының шатырлары жаңартылып, ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар су, кәріз, жылу және электрмен жабдықтау жүйелері жаңғыртылып, перрондар қайта салынды, іргелес аумақтар абаттандырылды. Вокзалдар заманауи жиһаздармен және жабдықтармен қамтамасыз етіліп, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған пандустар мен өрт қауіпсіздігі талаптарына сай эвакуациялық шығу жолдары орнатылды.

Қарағанды облысындағы 1936 жылы салынған Мойынты және Ақадыр вокзалдары толық реконструкциядан өтті. Мойынты станциясы арқылы тәулігіне 34, ал Ақадыр станциясы арқылы 38 жолаушылар пойызы қатынайды. Бұл бағыттар Қазақстанның ірі қалаларымен қатар Ресей мен Қырғызстанды байланыстырады.

Түркістан облысында Арыс-2 вокзалының қолданыстағы ғимараты жаңартылса, Темір станциясында жаңа бір қабатты вокзал ғимараты салынды. Арыс-2 станциясы арқылы апта сайын 24, ал Темір станциясы арқылы 26 жолаушылар пойызы қатынайды. Олар еліміздің негізгі өңірлерімен қатар Ресей, Қырғызстан және Өзбекстан бағыттарына қызмет көрсетеді.

Теміржол вокзалдарын жаңғырту жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға, көлік инфрақұрылымын дамытуға және тұрғындар мен ел қонақтарына қолайлы жағдай жасауға бағытталған.