Болашақ ойындары жалғасып жатыр. Астанадағы бәсекенің екінші күнінде фиджитал баскетболшылар өзара мықтыны анықтауда. Топтық кезеңнің екінші айналымында қазақстандық команда аспан асты елінің ойыншыларымен кездесті. Есеп қандай болды? Келесі кезеңге кім өтті? Сержан Айтжан айтады.
СЕРЖАН АЙТЖАН, ТІЛШІ:
Бұл жерде бір ғана бағытта мықты болу жеткіліксіз. Жеңіске жету үшін паркеттегі дәлдік пен джойстик алдындағы ептілік бірге сыналады. Қазір ЖТБ және шетелдік команданың арасындағы ойын өтіп жатыр.
Виртуалды алаңда Қытайлық команда алға шықты. Айта кетейік, монитор алдындағы ойын 19 ұпай жинағанша немесе 10 минут аяқталғанға дейін жалғасады. Отандастарымыз бұл кезеңде қарсыластарынан 15 ұпайға қалып қойды.
ЕСЕТ ЖАРҚЫЛОВ, GTB.KZ КОМАНДАСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Осы турнир аяқталған соң біздің келесі жоспарымыз 1 жылдың ішінде киберспорт жағын өте қатты дамыту керек. Себебі келесі турнир Бразилияда өтетін оған нақтылап дайындалып нәтиже көрсетеміз деп ойлаймыз.
Қытайлық команда қара үзіп кетсе де, джи ту би жігіттері барын салды. Есеп айырмасындағы алшақтықты 3 ұпайға дейін қысқартып, тартысты ойын көрсетті. Мұны қытайлық ойыншылар да, төреші де жоғары бағалады. Бірақ қазақстандық команда жарыс жолын аяқтады.
ВЯЧЕСЛАВ ДЬЯЧЕНКО, БАС ТӨРЕШІ:
Бұл матчта командалар келесі кезеңге жолдама үшін ойнады. Жеңілген команда турнирмен қоштасады. Сондықтан екі ұжым да барынша көп ұпай жинауға тырысты. Мұнда әлемнің ең мықты командалары өнер көрсетіп жатыр. Маусым айындағы іріктеу турнирімен салыстырғанда деңгей әлдеқайда жоғары.
Фиджитал баскетболдың төрешілер құрамы 14 маманнан жасақталған. Оның ішінде 6-ы паркетте, үшеуі цифрлық алаңда төрелік етеді. Виртуалды ойында төрешілер техникалық және тыйым салынған бағдарламалар мен қосымша құрылғыларды қолданбауын, қарсыластарға кедергі келтірмеуін бақылайды.