«Қазатомөнеркәсіп» уран өндірісінде жоспарды асыра орындап, экспорт көлемін арттырды

  • AstanaTV
  • 30 шілде 2026

Уран өндірісінде бәсеке күшейген тұста Қазақстанның стратегиялық әлеуеті жыл сайын артып келеді. Еліміз жаһандық сұраныстың 40 пайызға жуығын қамтамасыз етеді бүгінде. Стратегиялық саладағы көшбасшы «Қазатомөнеркәсіптің» ірі жобаларының бірі - Түркістан облысындағы «Батыс Мыңқұдық» кеніші. Кәсіпорында өндірістік жоспар асыра орындалып, экспорт географиясы кеңейіп келеді.

Қазақстандық уран жаһандық энергетиканың күретамырына айналғалы қашан. Әлемнің жартысына жуығын қамтамасыз етіп отырған «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясы жыл сайын көш бастап келеді. Ауқымды холдингтің құрамындағы «АППАК» кәсіпорны бүгінде халықаралық стандарттардың биік межесін көрсетіп отыр. Өткен жылдың өзінде жоспарланған меже асыра орындалып, кеніштен 810 тоннадан астам уран алынды.

ЖҰМАҒАЛИ МАРКЕНБАЕВ, “АППАК” ЖШС БАС ДИРЕКТОРЫ:

Қазіргі таңда барлық біздің шығарған өнімнің бәрі экспорттық талаптардың бәріне сай келеді. Және қазіргі бастапқы бағыт, ол Азия, Еуропа және Америка болып табылады.

Стратегиялық маңызды өнімді шығару барысында басты назар қауіпсіздік пен сапаға аударылады. Шикізат жер астынан шыққан сәттен бастап, дайын өнім ретінде қоймаға түскенге дейінгі әрбір секунд қатаң бақылауда болады.

ЕРКЕБҰЛАН ДОСБЕРГЕНОВ, САПАНЫ БАҚЫЛАУ БӨЛІМІНІҢ САПА ЖӨНІНДЕГІ ЖЕТЕКШІ ИНЖЕНЕРІ:

"Аппақ" мекемесі халықаралық және мемлекеттік стандарттарға сай оксид уранды осы жерде шығарады. Әрбір өндірістен кейін ең бастысы сапаны тексереміз. Одан кейін осы дайын өнім қоймасына қабылдаймыз.

Арқауын табиғи байлықтан алған кеніште қоршаған ортаға мүлдем зиянсыз технология қолданылады. Жер қойнауынан уран өндіру кезінде табиғат бедері бұзылмайды.

ӘЙГЕРІМ ДҮКЕНБАЕВА, ГЕОЛОГИЯЛЫҚ-ГЕОТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ ҚЫЗМЕТ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Біздің кәсіпорын 2005 жылдан бері осы “Батыс Мыңқұдық” кен орнын жерасты ұңғымалы шаймалау әдісімен уран өндіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Бұл әдіс бәрімізге де белгілі, ең экологиялық тиімді технологиялардың бірі болып есептеледі. Себебі арнайы өздеріңіз көріп отырғандарыңыздай карьерлер, шахталар салудың қажеті жоқ. Жер бедері сақталып, тау жыныстары шығарылмайды және қоршаған ортаға әсері төмендетілген.

Алайда «АППАКТЫҢ» жетістігі тек өндірістік көрсеткіштермен шектелмейді. Мұндағы 400-ден астам жұмысшының қауіпсіздігі мен әлеуметтік жағдайы да назардан тыс қалмайды. Ауысым алдындағы медициналық тексерулер толығымен автоматтандырылып, вахталық кентте спорт кешендері мен жайлы жағдайлар жасалған. Оған қоса, компания өңірдегі тұрғындарды қолдап, ауыз су, жол мәселесін шешуге, мектеп пен балаларға көмек көрсетуге жыл сайын миллиардтаған теңге бөледі.