Иран АҚШ әскери базаларына шабуылды тоқтатар емес. Соғысқа енді Сауд Арабиясы шындап кірісті. АҚШ-пен бірігіп Корольдік әуе күштері Ирактағы шиіт қарулы топтарына соққы жасады. Ал, АҚШ сенаты марқұм конгрессмен Линдси Грэмның атымен Иранға қарсы санкция құжатын әзірлеп қойды. АҚШ-тың Таяу Шығыстағы тағы бір одақтасы – Израиль Сирия жерін басып алып, еврейлер қонысын құрмақ. Жапонияның Кюсю аралындағы жер сілкінісінен қаза тапқандардың саны 30-ға жетті. ФИФА Президенті Джанни Инфантино ұйымның біраз бөлігін Трамптың күеу баласына сатпақ болған. Шартараптағы соңғы жаңалықтарды Еркелді Тілеуқұл шолып шықты.
Иран бүгін де Таяу Шығыстағы АҚШ базаларын атқылады. Тіпті, Сауд Арабиясын соғысқа шындап кірісуге мәжбүрледі. Себебі, Корольдіктің мұнай өңдеу зауыттарына йемендік хуситтер мен Ирак аумағындағы Иранның қарулы жақтастары шабуыл жасаған. Жауап ретінде Сауд Арабиясының әуе күштері АҚШ-пен бірлескен операция жүргізді. Трамп болса, Конгресс Сенаты Иран мен Ресейге қарсы әзірлеп жатқан ірі санкциялар жиынтығына кеше жерленген сенатор Линдси Грэмның атын беруді ұсынды.
ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:
Марқұм Линдси Грэм әлемнің әр түкпіріндегі жексұрындармен күресте ерекше белсенділігімен көзге түскен. Сондықтан, бүгін Сенаторларға осындай ұсыныс жасадым. Себебі, санкциялар жиынтығы тек Иранды емес, бірнеше мемлекетті қамтиды. Оның атын мәңгілік халық жадында қалдыру өте маңызды. Өмірінің соңғы күндері тура осы санкциялар жиынтығын жасақтауға өзі де белсене кірісіп еді.
Израиль тек Палестина жерін ғана емес, Сирия жерін де басып алмақ. Бір топ оңшыл Израиль азаматтарын Сирия жеріне баса-көктеп кірді. Олар, бұл жерлер еврейлердікі болу керек, - деп ұрандатып, ауылдардың құрылысын бастауға үндеп жатыр.
АМОС АЗАРИЯ, БЕЛСЕНДІ:
Біз ешқашан берілмейміз және ойларымыздан бас тартпаймыз. Голан жотасы толық біздікі болуы тиіс. Кезінде біздің әскер кірген жерлердің барлығы Израиль қарамағына өтуі тиіс. Оның үстіне, Сирияның бізбен шекаралас аймақтарында біздің одақтастар-друздар өмір сүреді. Оларға қауіп төніп тұр.
Жапониядағы Оңтүстік-батысындағы жер сілкінісінен қаза тапқандардың саны 30-ға жетті. Олардың көпшілігі Кумамото қаласындағы ірі сауда орталығында болған. Көпшілігі үйінді астында қалған. Дегенмен, төтеншеліктер тірі тұрғындарды табу үшін қызу жұмыс жүргізіп жатыр. 7,3 балл болған зілзаладан тұрғын үйлер де қатты зардап шекті.
ЮКИ КИЮЗУМИ, КУМАМОТО ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Біз әлбетте, ай сайын болатын кішігірім дүмпулерге үйреніп қалғанбыз. Сол үшін бастапқыда мән бермедім. Абырой болғанда үйде адам болмады. Менің кішігірім қонақ үйім қатты зардап шекті. Белгісіз мерзімге ай сайынғы табысымнан айырылдым.
ФИФА өз бөлігін Трамптың күйеу баласына сатпақ болды. УЕФА сол үшін бүкіләлемдік федерацияға бойкот жариялады. Ұйымның өз ішінде Джанни Инфантиноға қатысты тергеу басталып кетті. Трамптың күеу баласы Джаред Кушнер батыс басылымдарының мәліметінше, ФИФА-ның әр әлем чемпионаттарындағы коммерциялық табыстың бөлігін бақылауға алмақ болған екен.