Алматыда жеті саяси партия өкілдері арасында Ұлттық теледебат өтті

  • AstanaTV
  • 30 шілде 2026

Құрылтай сайлауына қатысатын жеті саяси партияның өкілдері арасында Ұлттық теледебат өтті. Сайлау қарсаңындағы пікірталас алғаш рет жаңа форматта ұйымдастырылды. Үш сағатқа созылған тікелей эфир барысында қатысушылар елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен қоғамды толғандырған өзекті мәселелер бойынша ұстанымдарын ортаға салды.

Биылғы ұлттық теледебат ұйымдастыру форматы бойынша да жаңарды. Жеті саяси партияның өкілдері жаңа медиакешенге брендтелген автобустармен келсе, пікірсайыс алдында саясаттанушылар сайлауалды бағдарламаларды саралады. Алғаш рет партия өкілдері Этика хартиясына қол қойып, заң талаптарын сақтау мен саяси мәдениетті ұстануға міндеттелді. Сондай-ақ, сөз сөйлеу реті дәстүрлі жеребемен емес, рандомайзер арқылы анықталды.

ЖАЛҒАС СӘДІБЕКҰЛЫ, QAZAQSTAN ҰЛТТЫҚ ТЕЛЕАРНАСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Біздің саяси дебаттың тақырыбы - «Қазақстанның болашағы - адам капиталы». Өздеріңіз білесіздер, мемлекет басшысы өзінің бүкіл саяси реформаларында да, біздің қабылдаған жаңа Конституциямызда да осы адам капиталына негізгі акцентті қояды. Сондықтан біз де осы үлкен саяси науқан кезінде саяси партиялар адам капиталын қаншалықты дамытқысы келеді, соны өзіміз естіп, соны халыққа жеткізгіміз келеді.

Ұлттық теледебат бес кезеңнен тұрды. Алдымен партиялар сайлауалды бағдарламаларын таныстырып, кейін ортақ сауалдарға жауап беріп, өзара пікір алмасты. Сондай-ақ, бір-біріне және көрермендердің әлеуметтік желі арқылы жолдаған сұрақтарына жауап берді. Теледебат барысында Демократия институты алғаш рет онлайн сауалнама жүргізіп, көрермендер партия өкілдерінің жауаптарына баға берді. Осылайша, халық пікірталасқа тікелей қатысу мүмкіндігіне ие болды.

БЕКНҰР ҚИСЫҚОВ, ҚОҒАМ БЕЛСЕНДІСІ:

Әр кандидат теледебаттан өтуі керек деп ойлаймын. Өзіңнің бағдарламаңды кабинетте отырып, болмаса өзіңнің парақшаңда насихаттау - ол бір түрі. Бірақ екінші түрі, озатын түрі - теледебатқа қатысу. Соның арқасында сіз халыққа, яғни, сайлаушыларға өзіңіздің бағдарламаңызды жеткізесіз. Сондықтан теледебат бұл жерде өте жақсы құрал, өте жақсы тәсіл деп ойлаймын.

Ұлттық теледебат саяси пікірталастың жаңа форматын көрсетті. Тікелей эфирде көрермендер ең көп әлеуметтік мәселелерге қатысты сауал жолдады. Бұдан кейін экономика, мәдениет, саясат пен экология тақырыптары кеңінен талқыланды.