Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы атынан Құрылтай депутаттығына кандидаттар бірнеше өңірде жергілікті тұрғындармен кездесті. Қарағанды облысында кандидаттар Пришахтинск елді-мекенінде жиналған жұртпен кибер-алаяқтық мәселесін талқылады. Ал, Астанада №4 қалалық емхана ұжымының ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Бұл кездесуде денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелерді шешу жолдары сөз болды. Сонымен қатар, партия өкілдері Абай облысы Бесқарағай ауданының жастарымен ашық диалог өткізді. Бұл басқосуда, білім беру, жұмыспен қамту мен жастардың әлеуметтік жағдайы секілді өзекті мәселелері көтерілді.
РҮСТЕМ САРМАНОВ, ЖСДП АБАЙ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Жастардың мәселесіне назар аудармасақ, еліміздің болашағын қалыптастыру мүмкін емес. Өйткені, жастар – мемлекетіміздің ертеңі. Оларды ең алдымен білім алу, гранттардың қолжетімділігі және оқу аяқталғаннан кейінгі жұмысқа орналасу мүмкіндігі алаңдатады.