«Байтақ» партиясы Алматыда сайлауалды бағдарламасын таныстырды

  • AstanaTV
  • 30 шілде 2026

«Байтақ» партиясының мүшелері Алматыдағы «Шаңырақ» әлеуметтік қызмет көрсету орталығының ұжымымен кездесті. Кездесуде халыққа көрсетілетін әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыру, әлеуметтік қорғау жүйесін жетілдіру және азаматтарды қолдау тетіктерін күшейту мәселелері көтерілді. Партия өкілі Алма Қараш сайлауалды бағдарламаның негізгі басымдықтарын таныстырып, әлеуметтік саясаттағы бастамаларға тоқталды. Ал әлеуметтік сала мамандары өз тәжірибелерімен бөлісіп, күнделікті жұмыста кездесетін мәселелерді ортаға салды. Сондай-ақ халықтың осал топтарына көрсетілетін көмектің тиімділігін арттыру жолдары талқыланды.

АЛМА ҚАРАШ, «БАЙТАҚ» ПАРТИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Кездесуде халықтың ұсыныстары мен ой-пікірлеріне куә болдық. Жасы үлкен азаматтарды алаңдататын негізгі мәселелердің бірі – денсаулық. Әрине, экология мәселесі де көпшілікті толғандырады. Бұл – баршаға түсінікті әрі маңызды тақырыптар. Кездесу өте мазмұнды өтті. Мұндай басқосулар тек сайлау кезеңінде ғана емес, халықпен тұрақты байланыс орнатуға, өзекті мәселелерді терең түсінуге мүмкіндік береді.