Мемлекет басшысының электр энергетикасы саласын әртараптандыру жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру шеңберінде Үкімет Қазақстан Республикасының 2035 жылға дейінгі гидроэнергетика саласын дамыту жоспарын бекітті, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметі.
Құжат еліміздің гидроэнергетикалық әлеуетін игеруге бірыңғай ұзақмерзімді тәсілді қалыптастырады. Болашақ нысандарды дайындау кезінде су ресурстарының болуы, энергия жүйесінің қажеттіліктері, техникалық мүмкіндіктер, экологиялық шектеулер және инвестициялар тарту шарттары ескеріледі.
Зерттеулер қолайлы алаңдарды таңдауға, болашақ нысандардың параметрлерін айқындауға және сумен қамтамасыз ету мен қоршаған ортаға әсер етуге байланысты тәуекелдерді алдын ала ескеруге көмектеседі.
Барлық ақпарат мемлекеттік органдар мен болашақ инвесторлар үшін бірыңғай дереккөзі болатын цифрлық платформада біріктіріледі. Өндіруші қуаттарды кеңейту шеңберінде 2030 жылдың соңына дейін гидроэнергетиканың кемінде 500 МВт жаңа қуатын іске қосу көзделген.
-Нәтижесінде Қазақстан су ресурстарын зерттеуден және алаңдарды таңдаудан бастап, мамандарды даярлау мен нақты нысандарды іске қосуға дейін гидроэнергетикалық әлеуетті игерудің жүйелі негізін қалыптастырады,-делінген хабарламада.