"Қайта айналып келіп, тағы пышақ сұқты": куәгер сотта Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты тың мәлімет айтты

Шымкентте Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты сотта оқиғаның жантүршігерлік мән-жайы айтылды. Қанды оқиғаны өз көзімен көрген куәгердің сөзінше, ол жұмыстан қайтып келе жатып қыздың жан дауысын естіген. Аулаға жақындай бергенде бір жігіттің жүгіріп бара жатқанын көріп, артынша жерде қансырап жатқан қызды байқаған. Алайда араға аз уақыт салып қайта оралып, жерде жатқан Нұрайға тағы пышақ сұққан.

ИНДИРА БЕРКІНБАЕВА, КУӘГЕР:

Аулаға өтетін жолға жақындаған кезде бір бала алдымнан жүгіріп, қашып бара жатты. Мен ұрып қашып бара жатыр деп ойладым. Оған қазір полиция шақырамын деп ұрыстым. Бір кезде жерге қарасам қыз жатыр екен. Арғы жақтан бір апай келген екен. Бір кезде әлгі жігіт қайта айналып келіп, жерде жатқан қызға тағы пышақ сұқты. Ал мен қорқып, тұрып қалдым. Сосын өз үйіме қарай қашып кеттім.