Алматыда бейберекет қойылған самокаттар айып тұрағына жеткізіледі

  • AstanaTV
  • 31 шілде 2026

Алматыда электр самокаттарына қатысты жаңа тәртіп енгізіледі. Енді оларды тек арнайы тұрақ орындарына қоюға болады. Рұқсат етілмеген жерге қалдырылған самокаттар айып тұрағына жеткізіледі. Ал тәртіп бұзғандар енді «Сергек» камералары арқылы анықталмақ.

ҒАЗИЗА ӘМІРБЕК, ТІЛШІ:

Енді самокатпен межелі жерге жеткен соң кез келген жерге қалдырып кете алмайсыз. Жаңа ережеге сәйкес тек арнайы тұрақтарға қою қажет. Әйтпесе,  айып тұрағына жеткізіледі. Себебі полиция қос дөңгелек ережесін бұзғандарды сергек камералары арқылы анықтайды.

Жаңа тәртіпке сәйкес, кикшеринг компаниялары үшін арнайы тұрақ орындары келісімшарт негізінде ұйымдастырылады. Ал жеке самокат иелері бұл орындарды тегін пайдалана алады. Полицияның өкілдерінің айтуынша, мұндай көлік құралдарына қатысты жоспарлы тексерулер тамыз айының соңына қарай басталады.

ҒАЛЫМ САРҒҰЛОВ, ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Олар үшін жергілікті атқарушы орган 1200-ден астам арнайы тұрақ орнын белгіледі. Бұл жұмыс кикшеринг компанияларымен бірлесіп пысықталды. Сонымен қатар, әкімдікпен бірлесіп, сәйкестендіруге мүмкіндік беретін бейнекамералар орнату мәселесін пысықтау қажет. Бұл бағытта «Сергек» жүйесімен де бірлескен жұмыс жүргізіліп жатыр.

Жаңа талаптар қала тұрғындары арасында да түрлі пікір туғызуда. Бірі арнайы тұрақтардың көбейтілуі қажет екенін айтса, енді бірі самокаттардың бейберекет қойылуы жаяу жүргіншілерге қиындық келтіретінін жеткізді.

БЛИЦ:

- Негізі парковочный место өте аз. Универ ана жерде, парковка ана жерде. Өте қиын болады, өте алыс болады.

- Қолайсыздық туғызады адамдарға, жаяу жүргіншілерге. Сол себептен өздерінің тұрақты орындарына мәдениетті түрде қойып кетсе екен деп ойлаймын.

Айта кетейік, жыл басынан бері айып тұрағына 17 мың электр самокаты қойылған. Сонымен қатар, 13 мыңнан астам пайдаланушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.