"Орталық Азия жаңа тарихындағы аса табысты кезеңді бастан өткеріп жатыр", - Қасым-Жомарт Тоқаев

Орталық Азия елдерінің жаһандық үдерістегі рөлі уақыт өткен сайын артып келеді. Бірлікті ту еткен аймақтың әлемдік арендағы үні де салмақты шыға бастады. Құдайы көрші 6 елдің басшылары бұл ықпалдастықты тереңдету үшін Шолпан-Ата қаласында бас қосты. Бейресми консультативті кездесуде тараптар қандай келісімдерге келді? Ортақ мүдде не? Тілші Айсауле Съезбек тарқатады.

Жаңа ғасырда қарыштап даму үшін Орталық Азия елдері достық пен татулық туралы шартқа түгел қол қойды. Соңғы болып бұл құжатқа Түркіменстан қосылған. Ал Әзербайжан консультативті кездесулердің толық мүшесі деген статусқа ие. Осылайша ағайынды алты ел бұл форматта 8-ші рет кездесті. Нәтижесінде, алыс-берісті арттырып, түрлі саладағы серіктестікті бекемдей түсуге бейіл екендерін білдірді.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:  

Соңғы жылдары өңірішілік сауда ұдайы өсіп, іскерлік байланыс кеңейе түсті. Бірлескен кәсіпорындар құрылып, ортақ инвестициялық жобалар іске асырылуда. Сонымен қатар гуманитарлық қарым-қатынас жандана түсті. Мәдениет, білім салаларындағы, жастар арасындағы ықпалдастықтың мазмұны байып келеді. Осы оң нәтижелердің барлығы бауырлас халықтарымызды одан әрі жақындатуға, және аймақтың беделін нығайтуға ықпал етеді.

Дәл қазір Орталық Азия тарихындағы аса табысты уақыт.  Мемлекет басшысы шарттағы ортақ ережелерді жүзеге асыруға тиіспіз деді. Келісім қағаз бетінде қалмауы керек. Сондықтан ұзақмерзімді өзара ықпалдастықтың іс-шаралар жоспарын әзірлеп, қабылдауды ұсынды. 

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:  

Қазақстан қол жеткізген келісімдерге ынталы, елдеріміз арасындағы достық, тату көршілік және стратегиялық серіктестікті нығайтуға бағытталған жасампаз бастамаларды одан әрі ілгерілетуді көздейді. Бірлескен күш-жігер арқылы ортақ прогресс жолында бұдан да биік белестерді бағындыратынымызға сенімдімін.

Орталық Азия және Әзербайжан мемлекеттері басшыларының консультативтік кездесуінің қорытындысы бойынша Шолпан-Ата декларациясы қабылданды. Қасым-Жомарт Тоқаев құшақ жая қарсы алған Қырғыз президентіне алғыс айтты.  Келесі жиынды өткізетін Түркіменстан еліне сәттілік тіледі.