Егін орағы науқаны қарсаңында Қостанай облысында еліміздегі ең ауқымды аграрлық шаралардың бірі «Qostanai Dala Festivali» өтті. Фестиваль ауыл шаруашылығындағы озық технологиялар мен қазақтың ұлттық дәстүрін тоғыстырған бірегей алаңға айналды.
Қостанай облысының 90 жылдығына арналған фестивальдің басты алаңы «Jańa Dala» көрме-демонстрациясы болды. Мұнда диқандар ауыл шаруашылығы техникасының соңғы үлгілерін, дәлме-дәл егіншілік технологияларын, дрондар мен цифрлық шешімдердің мүмкіндіктерімен танысты.
АЙДАРБЕК САПАРОВ, ҚР АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МИНИСТРІ:
Биылғы іс-шараның еліміздің негізгі астықты өңірлерінің бірі Қостанай облысында өтуінің өзіндік мәні бар. Бұл өңір Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлкен үлес қосып келеді.
ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:
Мемлекеттік бағдарламалардың арқасында облыста өнім шығару көлемі жыл сайын өсіп келеді. Өткен жылы соңғы 10 жылдағы жоғары нәтиже көрсетіліп, әр гектардан 16/7 ц өнім алып, 6,7 млн тонна астық жиналды.
Үш күнге созылған агрофестиваль аясында қонақтар тәжірибелік егіс алқаптарын, селекциялық жетістіктер көрмесін, асыл тұқымды мал көрмесі мен этноауылды тамашалады. Сондай-ақ Agro Fashion Week сән көрсетілімі, ұлттық спорт жарыстары, отбасылық сайыстар мен шеберлік сабақтары ұйымдастырылды.
БЕРІКЖАН ҚАЙЫПБАЙ, ОБЛЫСТЫҚ АУМАҚТЫҚ ИНСПЕКЦИЯСЫ МЕМЛЕКЕТТІК МЕКЕМЕСІНІҢ БАСШЫСЫ:
Облыс көлемінде сүт ферма жобалары іске асырылап жатыр. Етті үлкен мал шаруашылық жобалары іске асып жатыр. Шет елден мал келіп жатыр. Республикалық ветериянарлық басшылармен ақылдасып, сөйлесіп, мәселелер шешіліп жатыр.
Фестиваль аясында ауыл еңбеккерлеріне ерекше құрмет көрсетілді. Салаға сүбелі үлес қосқан механизаторлар, сауыншылар мен басқа да еңбек озаттарына Ауыл шаруашылығы министрі мен Қостанай облысының әкімі арнайы марапаттар мен алғыс хаттарды табыстады.