Батыс Қазақстан облысында халықаралық «Агрофест жер ырысы – 2026» ауыл шаруашылығы фестивалі басталды. Биыл басқосу бесінші рет ұйымдастырылып отыр. Мерейтойлық жиынға еліміздің түкпір-түкпірінен және алыс-жақын шет елден келген қырықтан астам компания қатысты.
Фестивальдің алғашқы күні өсімдік шаруашылығына арналды, ертең ата кәсіп - мал шаруашылығының жетістіктері таныстырылады. Өз өнімдерін көпшілік назарына ұсынған шаруашылықтар заманауи технологияның жетістіктерін көрсетті.
АРМАТ БИСЕНОВ, ҰЙЫМДАСТЫРУШЫ:
Біздің ауыл шаруашылығы туралы айтарымыз көп. Қызықты, танымдық ақпараттың көмегімен көпшіліктің ауылға қызығушылығын арттырғымыз келеді. Өйткені Агрофест - ел игілігі үшін тер төгіп жүрген азаматтарды біріктіретін бірегей алаң.
Орал өңірі ауыл шаруашылығы саласында еліміз бойынша алдыңғы орында. Бүгінде егістікті әртараптандыру, заманауи техниканы лизингке алу және минералды тыңайтқыштарды қолдану ісінде өзге өңірлерге үлгі. Президент тапсырмасымен шаруаларға қолдау ретінде көктемгі дала жұмыстары мен егін орағына 23 млрд теңге бөлінді.
НАРИМАН ТӨРЕҒАЛИЕВ, БАТЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тікелей тапсырмасы мен қолдауының арқасында бүгінде аграрлық салаға бұрын-соңды болмаған көлемде қаржы бөлініп, мемлекеттік қолдау тетіктері айтарлықтай кеңейтілді. Кейінгі 3 жылда аймақтың агроөнеркәсіп кешенін қолдауға 190 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді.
Өңірде егіс алқаптары цифрландырылып, шаруалар "ақылды технологияларды" кеңінен қолдануда. Мамандар болжамынша, биыл өнімділік жоғары болады. Ендігі міндет - өңделген өнім көлемін 70 пайызға жеткізу.