Қазақ музыкасы Болгарияда жоғары бағаланды

фото: gov.kz

Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің «Шабыт» халық музыкасы ансамблі Болгарияның Велико-Тырново қаласында өткен XXVIII халықаралық фольклор фестивалінде Қазақстанның ұлттық музыкалық мәдениетін таныстырды.

Фестиваль Халықаралық фольклор және дәстүрлі өнер фестивальдерін ұйымдастырушылар кеңесінің (CIOFF) және Болгарияның ЮНЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссиясының қолдауымен өтті.

 

Жыл сайын әлемнің үздік фольклорлық ұжымдарын біріктіретін фестивальге биыл Еуропа, Азия, Солтүстік және Латын Америкасының оннан астам елінен өнерпаздар қатысты. Бір апта бойы Велико-Тырново қаласының басты сахналарында концерттік бағдарламалар, шығармашылық кездесулер, ұлттық ұжымдардың шеруі және халықтар арасындағы мәдени диалогты дамытуға арналған іс-шаралар өтті.

Қазақстанның атынан Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің шығармашылық ұжымы – «Шабыт» халық музыкасы ансамблі өнер көрсетті.

Ансамбль қазақ халқының бай музыкалық мұрасын паш етіп, көрерменге халық әндері, күйлер және вокалдық-аспаптық шығармалар орындады. Шетелдік көрермен Қазақстан өнерпаздарының кәсіби шеберлігіне, сахна мәдениетіне және шынайы орындауына жоғары баға берді.