Боранды станциясы жолаушыларды жаңартылған теміржол вокзалында қарсы алады

Фото: gov.kz

Жамбыл облысындағы Боранды станциясының теміржол вокзалын қайта жаңғырту жұмыстары аяқталды. Жобаны іске асыру аясында вокзал ғимаратының шатыры орнатылып, сыртқы және ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілді.

Сонымен қатар кәріз,су, жылу және электрмен жабдықтаудың сыртқы және ішкі инженерлік желілері жаңғыртылды, жолаушылар платформасы қайта жөнделіп, іргелес аумақ абаттандырылды. Вокзалға жаңа жиһаз бен заманауи жабдықтар орнатылды. Қайта жаңғырту барысында отандық өндірістің сапалы әрі ұзақ мерзімге төзімді материалдары пайдаланылды.

1905 жылы салынған Боранды станциясының теміржол вокзалы қайта жаңғырту жұмыстарынан кейін жалпы аумағы 309,65 шаршы метрді құрайтын заманауи бір қабатты ғимаратқа айналды. Станция арқылы Алматы, Астана, Қарағанды, Көкшетау, Бурабай курорты, Павлодар, Семей, Петропавл, Ақтөбе, Маңғыстау, Түркістан, Шымкент және Қызылорда қалаларына, сондай-ақ Ресей Федерациясына қатынайтын 20 жолаушылар пойызы жүреді.

Вокзалды қайта жаңғырту жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға, жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға, сондай-ақ теміржол инфрақұрылымының қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған. Жаңартылған вокзал көлік инфрақұрылымына қойылатын заманауи талаптарға толық сәйкес келеді және Жамбыл облысының тұрғындары мен қонақтары үшін жоғары деңгейдегі жайлылықты қамтамасыз етеді.