Ақмола облысында тірі зейнеткерді қателікпен «қайтыс болды» деп тіркеген

Фото: istockphoto.com

Ол екі ай бойы зейнетақысын ала алмаған

 

Ақмола облысында медициналық орталықтың қателігі салдарынан тірі тұрған зейнеткер «қайтыс болды» деп танылып, екі ай бойы зейнетақысыз қалды.

Сандықтау ауданы Петровка ауылының тұрғыны Татьяна Журавлеваның туыстарының айтуынша, сұмдық жағдай Астана қаласы әкімдігінің көпбейінді медициналық орталығында орын алған. Өзге марқұмның өлімін тіркеу кезінде дәрігерлер байқаусызда зейнеткердің ЖСН нөмірін енгізіп, оған өлім туралы куәлік рәсімдеп жіберген.

Қате деректен соң әйелдің жалғыз табыс көзі саналатын зейнетақы төлемі біржола тоқтатылған. Салдарынан ол екі айдан бері азық-түлік, дәрі-дәрмек пен күнделікті қажеттіліктерін төлей алмай отыр.

Жақындарының сөзінше, олар қателікті түзетуді өтініп бірнеше рет жүгінгенімен, мәселе әлі күнге шешімін таппаған. Емдеу мекемесі қоңырауларға жауап бермейді немесе тек күтуді сұрайды.

Зейнеткердің туыстары қызметтік тексеріс жүргізіп, бұған кінәлі тұлғаларды жауапқа тартуды, сондай-ақ заңсыз тоқтатылған зейнетақы берешегін толық өтеп берілуін талап етуде.

Қазіргі уақытта тиісті мемлекеттік органдар мен медициналық орталық тарапынан бұл жағдайға байланысты ресми түсініктеме берілген жоқ.