Испаниядағы дағдарыс тоқтамады. Күн өткен сайын шекараны бұзып өтіп, оққа ұшып жатқандар марокколық мигранттардың саны артып жатыр. Ал, Еуропалық Одақ елдері испаниямен шекараны шұғыл жауып жатыр. Трамп болса, бұны өз сайлауалды науқанына пайдаланып кетті. Шартараптағы соңғы жаңалықтарды Еркелді Тілеуқұл шолып шықты.
Өзі 80 мың халқы бар Сеутаны 60 мың марокколық торуылдады. Өткен апта аяғында бір мезетте шекара бұзып, жапа-тармағай Марокко аумағында орналасса да, Испанияға тиесілі елді-мекенге мигранттар басып кірген. Тыныш кірмей көліктерді өртеп, дүкен тонады. Тіпті, қақтығыс болып, қазір қаза тапқан марокколықтардың саны 67-ге жетті.
КӘРІМ БУНУ, МИГРАНТ:
Мароккода өмір сүру мүмкін емес. Мен 14 жыл бойы оқыдым. Университет бітірдім. Бірақ, шетелде тұрмақ, өз елімде дипломым түкке тұрмады. Барлық адам жақсы өмір сүруге лайық. Мароккода тамақ табудың өзі азапқа айналды.
Жергілікті тұрғындар болса, мигранттардың әрекетіне наразы. Олар, марокколықтарды басқыншы деп айыптап жатыр. Мадридтегі Марокко елшілігінде халық ереуіл ұйымдастырды. Олар, Испания билігінің өзі шарасыз отыр деп реніштерін жеткізді.
ДЖЕМА ЛОПЕС, МАДРИД ТҰРҒЫНЫ:
Осы басқыншылық әрекетке, ең алдымен, Педро Санчес бастаған билік кінәлі. Бізді мигранттарға жем қылып берді. Оның саяси сауаты жоқ. Тіпті, өзге мемлекеттердің не болып бара жатқанын көрмегендей әсер қалдырады. Бұндай адамды қалай ел билетіп отырамыз?
Трамптың өзі бұл жағдайды өз пайдасына айналдырғысы келіп отыр. Өзіне ұнамайтын испания билігін мысал ретінде келтіріп, өтпелі сайлау алдындағы науқанда ұрандатты. АҚШ Президентінің айтуынша, республикалықтар жеңілсе, бұндай жағдай Америка көшелерінде де қайталанады.
ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:
Испанияда болған жағдайды тікелей эфирде бақыладым. Бұл – нағыз саяси апат. Испания мемлекет ретінде жоғалып кетіп, орта ғасырлық Халифатқа оралады. АҚШ-қа да мыңдаған миль қабырға көтергенімізге қарамастан, қауіп төніп тұр. Өтпелі сайлауда біз жеңбесек, бұдан бірнеше есе ауқымды апат бізде де қайталанады. Басқыншыларды мен ғана ұстап тұрғанымды ұмытпаңдар.
АҚШ әскері шабуыл жасайын деп тұрған жерінен кейінге қалдырды. Тіпті, ұшақтар мен дрондарды қайтаруға шешім қабылдаған. Себебі, араб елдері кенеттен Иранмен тіл табысқан. Трамптың айтуынша, Иранға тағы бір мүмкіндік берді.
ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:
Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері мен Қатар маған үлкен өтініш жасады. Соққы жасамауымды өтінді. Келіспейін десем достарым. Келісейін десем, Иранға соққы жасамасам, есіріп кетеді. Бірақ, Парсы шығанағындағы елдер дипломатиялық ауыртпалықты өз мойындарына алатындарын айтып, мені көндірді. Дегенмен, соққы жасау жоспарын толықтай өшірмейміз. Кез-келген уақытта аша салып, ұшақтарды жібере саламыз.
Орман өрті Еуропаның оңтүстігін толық жаулайын деп тұр. Тілсіз жау Грекияға жетті. Өрт 12 мың гектар орман алқаптарын күлге айналдырды. Өкінішке қарай, 3 өрт сөндіруші қаза тапты. Айта кетейік, ел астанасы Афиныға небәрі 70 шақырым қалды.