«Қызылорда – Сексеуіл», «Ұлғайсын – Сексеуіл» және «Бейнеу – Сексеуіл» автокөлік жолдарының құрылысы басталды. Телекөпірге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты. Еліміз тоғыз жолдың торабында тұрғандықтан, логистиканы ілгерілетіп, жаңа бағыттардың ашылуы орынды. Қазынаға түсер қаржы еселеніп, сауда саттықтағы беделі беки түсетіні тағы бар.
Еліміз жер көлемі бойынша әлемде тоғызыншы орында. Ал ондағы көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту – стратегиялық міндет. Алдағы маңызды жобалардың бірі – ұзындығы 800 шақырым болатын Бейнеу – Сексеуіл бағыты. Арал мен Каспийді байланыстыратын жаңа дәлізді Мемлекет басшысы «Арал – Каспий магистралі» деп атаған дұрыс,- деді. Бұл бағыт арқылы жалпы жүк көлемі 2,5 есеге артып, жылына шамамен 13,2 млн тоннаға жетеді. Оның ішінде 4,9 млн тоннасы Ресей, Қытай және Орталық Азия елдері арасындағы транзиттік тасымалдарға тиесілі болмақ.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Осы жол ел аймақтары арасындағы байланысты нығайта отырып, Қытай мен Еуропаны жалғайтын «алтын көпір» ретінде қызмет етеді. Бұл жоба Қытай шекарасындағы өткізу бекеттерін Ақтау, Құрық порттарымен тікелей байланыстырады. Соның нәтижесінде Қытайдан Еуропаға дейін жүк тасымалдау ұзақтығы 1 мың шақырымға, ал жүк жеткізу мерзімі 3 тәулікке дейін қысқарады.
Кейінгі бес жылда автокөлікпен жүк тасымалы екі есе артты. Былтыр 13 мың шақырым автожол салынып, жөнделіп, оның 6 мың шақырымы пайдалануға берілді. Осындай маңызды жобалардың бірі – ұзындығы 774 шақырым болатын Қызылорда–Сексеуіл автожолын жаңғырту. Солтүстік пен оңтүстікті байланыстырған тақтайдай тегіс тас жолдар, шығыстан батысқа қарай бағытталған жаңа тармақтармен де кеңейіп жатыр.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Бұл жолдардың құрылысымен отандық компаниялар айналысады. Құрылыс жұмыстарына 10 мыңнан астам жұмысшы тартылады. Жолдар толық салынып біткен соң жүк тасымалы 2,5 есе артып, жылына 13,2 миллион тоннаға жетеді. Бұл жобалар ел экономикасын өркендетуге, туризмді дамытуға тың серпін беріп, халықтың әл-ауқатын арттыруға септігін тигізері сөзсіз.
Қазақстанды Еуропа мен Азияны байланыстыратын ірі көлік-логистика хабына айналдыру- басты мақсат. Сол үшін жаңа жолдар салынып, көлік инфрақұрылымы кезең-кезеңімен жаңартылып жатыр. Арал маңында жаңа автожолдар бұрын шалғай саналған бағыттарды халықаралық көлік дәліздерімен байланыстырады. Нәтижесінде жүк тасымалы жеделдеп, еліміздің транзиттік әлеуеті арта түседі.
МЕШІТБАЙ РАУШАНОВ, АРАЛТОҒАЙ АУЫЛДЫҚ АРДАГЕРЛЕР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:
Суткісіне 14-15 мың көлік жүреді. Жолдың тарлығы жолдың нашарлығы осы көптеген кедергілер жасайды. Енді осы жолдың құрылысын жібергеннен кейін, 29 жылы осы жолды тапсыруға жоспарлап отыр. Бұл біздің елімізге, экономикамыз дамуына еліміздің халқымыздың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бірден бір септігін тигізеді деп ойлаймын.
Сонымен қатар, Шығыстан Батысқа жүк жеткізу уақыты орта есеппен 4,5–5 тәуліктен 3 тәулікке дейін қысқарады. Бұған дейін маршрут Ақтөбе қаласы арқылы өтсе, Сексеуіл – Бейнеу жаңа тікелей жолы іске қосылғаннан кейін жол жүру уақыты техникалық-экономикалық негіздемеге сәйкес 30 сағатқа азаяды.
СЕРІК ДҮЙСЕНБАЕВ, ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСТЫҚ АРДАГЕРЛЕР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:
Сонау көптен күткен арман тек қана Қызылорда халқы емес, оңтүстік пен батыстағы ағайындардың көп жылдардан бері армандаған арманы бүгін іске асып жатыр. Біріншіден халықтың тілегін орындап, тарихи шешім қабылдаған Мемлекет басшысына бүкіл халықтың атынан ризашылығымызды білдіреміз.
Кейінгі жылдары елдегі көлік бағыттарының құрылысы қарқын алып, тас жол салуда заманауи технологиялар қолданылып келеді. Табысты аяқталған жобаларда аз емес. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай», «Қарағанды – Алматы», «Орталық – Оңтүстік», «Атырау – Астрахан», «Талдықорған – Өскемен», «Қалбатау – Майқапшағай» бағытындағы жолдар саладағы серпілісті айшықтап тұрғандай.