Астанада жасанды интеллект бойынша халықаралық олимпиада басталды. Машиналық оқыту, цифрлық технологиялар бойынша ғылыми додаға алты құрылықтың 500-ге жуық оқушысы жиналды. Математика, информатика мен физика пәндерінен оқ бойы озық шыққан жасөспірімдер өз елдерінің намысын қорғайды.
АЙСАУЛЕ СЪЕЗБЕК, ТІЛШІ:
Әлемнің болашақ миллиардерлері Астанаға жиналды. Жасанды интеллекті терең меңгерген 108 елдің 500-ге жуық оқушысы өзара кіл мықтыны анықтайды. Бұл ғылыми олимпиада осымен 3-ші рет халықаралық дәрежеде өтіп жатыр. Бұған дейін ЖИ-дің жүйріктерінің басы Болгария мен Қытайда қосылған еді.
ДАНАБЕК ҚАЛИАЖДАРОВ, ҚАЗАҚСТАН СПОРТТЫҚ БАҒДАРЛАМАЛАУ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ БАС ХАТШЫСЫ:
Бұл жерде балалар chat gpt, код сияқты нәрселерді қолданып қана емес, бұл өздерінің модельдерін шығаруда жарысатын, бұл деген бастары өздерінің нейрожүйе мықты-мықты интеллектуалды балалардың арасындағы жарыс.
Олимпиада 5 күнге созылады. Оқушылар алдымен жекелей сынға түседі. 6 сағаттың ішінде жасанды интеллект модельдерін жасап, түрлі практикалық тапсырманы шешуге тиіс. Екінші кезеңде командамен күш біріктіреді. Әр елден бір ғана команда қатысуда. Топта 8 қатысушы.
БАҒДАТ МУСИН, ҚАЗАҚСТАННЫҢ СПОРТТЫҚ БАҒДАРЛАМАЛАУ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Топтық жарыста олар роботтарды бағдарламалайды. Біз Қытайдан осы олимпиадаға арнайы 10 роботты алып келдік. Сол 10 роботты олар өздері бағдарламалап, өздерінің бағдарламасын сол роботтарға жүктеп, қалай жұмы с істейтінін көрсетеді. Әділ-қазылар өз шешімдерін айтады.
Алты құрлықтың алғыр балалары үшін бұл сайыс оңайға түспейді дейді ұйымдастырушылар. Жасанды интеллектің пайда болғанына да 3 жыл енді асты. Сондықтан жас олимпиаданың тапсырмалары да жыл сайын түрленуде.
МАДИНА АССИТАН, «IOAI 2026» ҚАТЫСУШЫСЫ, (БУРКИНА-ФАСО):
Бұл – менің халықаралық жасанды интеллект байқауына алғаш рет қатысуым. Бұған дейін өз елімде машинамен оқыту бағытындағы бірнеше жарысқа қатыстым. Алдағы 5–10 жылда компьютерлік ғылымдар саласында білім алып жүрген маман болғым келеді. Сондай-ақ, OpenAI секілді жасанды интеллект бағытындағы ірі стартап құруды армандаймын.
ИЧЕН ЧЖАН, «IOAI 2026» ҚАТЫСУШЫСЫ, (ҚЫТАЙ):
Біз басқа командаларды қарсылас ретінде қарастырмаймыз. Бірақ Польша мен Ресей командаларының бұл салада өте мықты екенін білеміз. Сондықтан біз де солардың деңгейіне жетуге, оларды қуып жетуге бар күшімізді саламыз. Біздің мақсатымыз – үздік 10 команданың қатарына кіру. Бірақ қалай боларын жарыс көрсетеді. Көре жатармыз.
Былтыр Қазақстан оқушылары бұл олимпиадаға алғаш қатысып, командалық есепте 4-ші орын иеленген. Биыл ұлттық құрамаға елдің түкпір- түкпірінен 8 дарын иесі іріктелген. Оларды дайындауға әлемнің озық IT компанияларында жұмыс істейтін қазақстандықтар тартылған. Олимпиаданың ашылу салтанатында сөз сөйлеген Мемлекет басшысы отандық тәлімгерлерге айырықша алғыс білдірді.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Білім қай заманда да халықты біріктіріп, адамзатты өркениеттің шыңына жетеледі. Сіздердің қарым-қабілеттеріңіз медицина, білім, экология және басқа да өте маңызды салалардағы тың шешімдерге негіз бола алады. Дәл осы олимпиадада әлемді өзгертетін жаңа идеялар мен жобалар дүниеге келуі мүмкін.
Қазақстан жаңа технологияларды енгізуге әзірлік бойынша Орталық Азияда көш басында. Ал электронды үкімет индексінде 193 елдің ішінде 24-орында. Қоғамның барлық саласына дендеп бара жатқан жасанды интеллекті дамыту – стратегиялық бағытқа айналды. Сондықтан халықаралық олимпиаданың біздің елде өткізілуі маңызды қадам.