Елде несие алу тәртібі тағы да қатаңдатылуы мүмкін. Ұлттық банк қарызы көп азаматтарға жаңа несие беруді шектейтін тетік енгізуді қарастырып жатыр. Тетік іске қосылса, ай сайынғы төлемі табысынан асып кететін тұлғаларға автонесие, ипотека немесе кепілсіз қарыз берілмейді. Негізі шектеуді 2027 жылдан бастап енгізу жоспарланған еді, алайда реттеуші банк бұл мерзімді әлі растаған жоқ. Өйткені бұған дейін қабылданған жұбайының келісімін алу, 90 күннен асқан борышкерлерге несие бермеу сияқты талаптар тұтынушылық қарыз өсімін баяулатқан. Дегенмен несие алу қайта қарқын алса, Ұлттық банк шектеуді кез келген уақытта енгізуге дайын.