Жамбыл облысында "Қарасора-2026" республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында аса ірі көлемдегі есірткі затын тасымалдаудың жолы кесілді.
Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері мен Қордай аудандық полиция бөлімінің инспекторлары Батыс Еуропа – Батыс Қытай автожолының 215-шақырымында Hyundai Elantra автокөлігін тоқтатуға әрекет жасаған. Алайда жүргізуші көлікті тоқтатпай, жол жиегіне шығып, полиция қызметкерлерінен қашуға тырысқан. Оны тоқтатқаннан кейін жүргізушінің есірткілік масаң күйде болғаны және көлік басқару құқығы жоқ екені анықталды. Көлікті тексеру барысында Сэм атты қызметтік-іздестіру иті жүксалғыштан күдікті заттың бар екенін көрсеткен. Тінту кезінде жүксалғыштан жолаушыға тиесілі, қара түсті ірі пакеттерге салынған төрт қап есірткі заты табылды. Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген заттың жалпы салмағы 43 келіден астам кептірілген марихуана екені анықталды. Тергеу барысында күдікті есірткі затын аса ірі көлемде Алматы қаласына жеткізбек болғанын айтқан. Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 297-бабының 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сонымен қатар оған көлік құралын басқару құқығы жоқ бола тұра және есірткілік масаң күйде көлік басқарғаны үшін әкімшілік шара қолданылып, әкімшілік қамаққа алынды. Қазіргі уақытта қылмыстың барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.