Алматының Әуезов ауданында инфрақұрылымды жаңарту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Халық сұранысына сай жаңа қоғамдық кеңістік пен балалар ойын алаңы пайдалануға берілді. Сондай-ақ, 1200 орындық жаңа білім ошағы бой көтеріп келеді. Жаңа нысандармен тілшіміз танысты.
Ауданда 1200 балаға шақталған мектеп-гимназияның құрылысы жалғасып жатыр. Бүгінде нысанның дайындығы шамамен 40 пайызды құрайды, құрылыс алаңында 200-ден астам маман мен 20-дан аса арнайы техника жұмыс істеуде. Жобада заманауи оқу кабинеттері, спорт және хореография мен балет залы, кітапхана мен 354 орындық асхана қарастырылған, ал нысанды желтоқсан айында аяқтау жоспарланып отыр.
МӨЛДІР ЕСЕНАЛИЕВА, №13 МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯ ДИРЕКТОРЫ:
Ашылғаннан бері қарай мектепте күрделі жөндеу жұмыстары болған жоқ. Қазіргі мектепте бізде сыртта, өздеріңіз көріп тұрғандай, мына жердегі сырттағы стадион болады. Сосын кейін үлкен екі спортзал: біреуі бастауышқа арналған спортзал, біреуі жоғарғы сыныптарға арналған спортзал. Қазіргі таңдағы біздегі инклюзивті білім беру кабинеттері, психологиялық кабинеттер, сенсорлық кабинеттер жаңа мектепте толығымен болады.
Сондай-ақ Тастақ-1 шағын ауданында тұрғындар жаңартылған саябақ пен балалар алаңының қызығын көруде. Мұнда аумақ толық абаттандырылып, жаңа шағын сәулет нысандары қойылған, жарықтандыру жүйесі жаңартылып, қауіпсіз әрі қолайлы орта жасау үшін күш салуда.
ҚАНАТ САҒЫНДЫҚОВ, ӘУЕЗОВ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Бұл жерде ескі алаң болған. Бірақ мына футбол алаңы ортада орналасқаннан кейін ыңғайсыз болған негізі. Бағдарламаға сәйкес жоба жасалған кезде халықпен кездесіп, олардың ұсыныстарын тыңдап, соны бәрін реттікке келтіріп, жасадық жаңадан.
Жергілікті билік халық қатысатын бюджет бағдарламасы аясында ауданда жалпы 29 жоба қолға алынғанын, басым бөлігі халық игілігіне берілгенін жеткізді.