Пойыздың үніне құлақ түріп өскен бала… Қарағандылық Нұрбек Жазымхан үшін теміржолшы болу – жай мамандық емес, бала күнгі арманының жалғасы. Әке жолын таңдаған ол бүгінде сол техниканың тізгінін ұстап, мыңдаған тонна жүк тасып жүр.
Машинист-нұсқаушы Нұрбек Жазымхан үшін теміржолшы болу – жай ғана жұмыс емес, балалық арман. Сұрыптау станциясының маңында өскен ол техниканы тізгіндеуге қатты қызығатын. Оның үстіне әкесі теміржолшы, бүгінде бұл жолды інісі де таңдады. Яғни- бүкіл әулеттің құрметті кәсібі.
НҰРБЕК ЖАЗЫМХАН, ҚАРАҒАНДЫ ПАЙДАЛАНУ ЛОКОМОТИВ ДЕПОСЫНЫҢ МАШИНИСІ:
Бала кезімнен бастап теміржолшы болу арманым болды, яғни осы локомотивті басқару. Өз жұмысым өзіме қатты ұнайды. Тәулігіне 440 шақырым жолды жүріп өтеміз. Яғни біз 9000 тоннаға дейін жүк тасымалдаймыз. Ел экономикасына кішкене болса да өзіндік үлесімді қосып отырмын.
Нұрбектің бұл салаға келгеніне 16 жыл болды.Теміржол колледжінде “электровоз машинисті” мамандығын үздік меңгерген. Қазір Қарағанды-Сұрыптау, Астана және Ағадыр бағытында тәулік сайын мыңдаған тонна жүк тасиды. Жолда қауіп- қатер көп. Сондықтан қырағылықты талап етеді.
НҰРБЕК ЖАЗЫМХАН, ҚАРАҒАНДЫ ПАЙДАЛАНУ ЛОКОМОТИВ ДЕПОСЫНЫҢ МАШИНИСІ:
Жолда жүріп келе жатқанда неше түрлі жағдайлар болады. Қауіптің алдын алу үшін машинист ойланбастан тежегішті басады. Мысалы, жылқы малы шығып кетуі мүмкін. Адам шығып кетуі мүмкін. Машинист тез тежеуішті басқанда оның арақашықтығы 1000-1200 метрді қамтамасыз етеді.
Нұрбек - тәжірибелі машинист қана емес, жас мамандарға тәлім беретін нұсқаушы. Бес баланың әкесі жұмыстағы жауапкершілікті отбасындағы борышпен қатар алып жүреді.
АЗАМАТ КҰРЫМБАЕВ, ҚАРАҒАНДЫ ПАЙДАЛАНУ ЛОКОМОТИВ ДЕПОСЫНЫҢ МАШИНИСІ:
Нұрбек өз жұмысына тиянақты, жауапты. Ешқашан кешіккен жоқ жұмысына. Тәртібі өте жоғары. Өте күрделі жұмыс біздерде. Бұл жерде білім жағынан тәрбие жағынан өте жоғары болу керек.
Қарағанды пайдалану локомотив депосында 1700-ге жуық адам еңбек етеді. Оның 1200-і – машинист пен көмекшілері. Тәулігіне ондаған пойызды қауіпсіз бағытқа шығарып салатын – осы мамандар. Әр сапар мыңдаған шақырым жол мен үлкен жауапкершілікті талап етеді.