Жанартаудан көтерілген күл бағаны 6,6 шақырымға дейін жетіп жатыр
Гватемалада Орталық Америкадағы ең белсенді жанартаулардың бірі – Фуэго жанартауы атқылай бастады. Осыған байланысты билік жақын маңдағы елді мекендердің тұрғындарын эвакуациялау туралы шешім қабылдады.
Жанартаудан көтерілген күл бағаны 6,6 шақырымға дейін жетіп жатыр.
Гватемаланың төтенше жағдайларды үйлестіру жөніндегі CONRED агенттігі ел бойынша қызғылт сары қауіп деңгейін жариялады. Ал елдің Вулканология институты жанартаудың «неғұрлым жарылғыш кезеңге өтіп жатқанын» мәлімдеді.
Төтенше жағдайлар қызметі жариялаған бейнежазбаларда қуатты атқылаудың аспанды қызыл түске бояп, биіктігі 3760 метр болатын жанартаудың беткейлерімен лаваның төмен қарай ағып жатқаны көрінеді.
CONRED мәліметінше, жанартаудан ағатын пирокластикалық ағындар – жоғары температурадағы вулкандық газдар, күл және тау жыныстарының қоспасы. Олар жанартау беткейімен өте жоғары жылдамдықпен төмен түсіп, үлкен қауіп төндіреді.
Билік жақын маңдағы елді мекендерге жанартау күлінің түсуі мүмкін екенін ескертіп, тұрғындарды қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырды.
Айта кетейік, 2018 жылы Фуэго жанартауының ірі атқылауы салдарынан 215 адам қаза тауып, шамамен сонша адам із-түзсіз жоғалған болатын.