Ақтауда жасөспірімдер мектеп оқушысын ұрып-соғып, бұл әрекеттерін видеоға түсірген. Жәбірленушінің отбасының айтуынша, оқиға таңертең болған. Бала дүкенге шыққан кезде оны 16-17 жастағы екі жасөспірім тоқтатқан. Олар оқушыдан өзге баланы үйден алдап шығаруды талап еткен. Алайдa бұдан бас тартқан оқушыны олар аяусыз соққыға жығып, жәбірленушінің өзінің телефонына видеоға түсіріп алған. Кейін бұл жазбаны әлгі балаға жіберіп: «Егер шықпасаң, досыңды да осылай ұрамыз» деп қорқытқан. Оқиғадан кейін жасөспірімдер ата-аналарымен бірге учаскелік полиция инспекторына жеткізілді. Туыстарының айтуынша, олар өз әрекеттерін жоққа шығармаған, тіпті полицейлердің көзінше де дөрекілік танытқан. Қазіргі уақытта соққыға жығылған оқушы ауруханаға жатқызылды.
МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ:
Бұзақылық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Мұндай әрекеттер заңнамаға сәйкес қылмыстық жауапкершілік көзделген ауыр қылмыс санатына жатады. Оқиғаға қатысқан барлық тұлғаның жеке басы анықталып, заңды өкілдерімен бірге полиция бөліміне жеткізілді. Қазіргі уақытта барлық қажетті тергеу әрекеті жүргізіліп жатыр.