Орал қаласының тұрғыны құны бір миллион теңгеге жуықтайтын алтын бұйымдарын жоғалтып алды. Бір қызығы, ұры алыстан келмеген екен. Алтын ұрлаған баукеспе жәбірленушінің бауыры болып шықты. Полиция дерегінше, ол туысының үйіне қонаққа келіп, көзіне түскен алтын әшекейлерді қалтасына сүңгітіпті. Кейін өз олжасын ломбардқа өткізген. Мұнымен шектелмеген ол туысының үйіне тағы да ұрлыққа түседі. Бірақ бұл жолы оны полиция бірден ұстады. Алтынға қызығып, туыстық жолдан тайған күдіктінің тағдырын енді сот шешеді.
АЛИМА ҒАРИФУЛЛИНА, БҚО ПД АҚПАРАТТЫҚ САЯСАТ БӨЛІМІНІҢ АҒА ИНСПЕКТОРЫ:
Қылмыстық іс бойынша барлық заттай дәлелдемелер тәркіленді. Келтірілген жалпы материалдық шығын көлемі 900 мың теңгені құрады. Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге мәліметтер жария етілмейді.