46 жалған диплом дайындаған 20 интернет-ресурс анықталды

  • AstanaTV
  • 05 тамыз 2026

Елде интернет-ресурстар арқылы диплом саудалағандар анықталды. Университет табалдырығын аттамай, 46 азамат жоғары білім туралы құжат иеленген. Жалған дипломды дайындағандар мен оны сатып алғандарға қандай шара қолданылады? Сержан Айтжан анықтап көрді.

СЕРЖАН АЙТЖАН, ТІЛШІ:

Университетке бармай-ақ, қолға қалам алмай-ақ диплом алуға болады. Интернетте мұндай қызметті ұсынатындар жетерлік. Бірнеше күнде жылдам әрі арзан бағада құжат жасап береміз деп уәде етеді. Бірақ мұндай дипломның құны кейін қымбатқа түсуі мүмкін.


Желіге кіріп, диплом сатуды кәсіпке айналдырғандарды іздеп көрдік. Көзімізге түскен алғашқы сайтта мамандықтар тізімі ашық жарияланған. Тіпті құжаттың бағасы, дайындалу мерзімі мен жеткізу шарттарына дейін көрсетілген. Бірақ байланыса алмадық. Ал қалған платформалар мүлдем істен шыққан.

Байланысқа шықпайтындай да жөні бар екен. Өйткені 4 күнде алған дипломның 4 жылдық құжаттан айырмашылығын оңай аңғаруға болады. Осы мақсатта Ғылым және жоғары білім министрлігі 1991 жылдан бері берілген дипломдардың бірыңғай деректер базасын құрған.

АҚЕРКЕ АБЫЛАЙХАН, ҚР ҒЖБМ ЖОҒАРЫ ЖӘНЕ ЖОҒАРЫ ОҚУ ОРНЫНАН КЕЙІНГІ БІЛІМ КОМИТЕТІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Алаяқтықтан сақтау үшін арнайы жауапты тұлғалар, әрбір университетте анықталған. Жалпы бізде жоғары білім алып жатқан студенттердің мәліметтері бұл жоғары білімнің платформасында тіркелген. Егер студенттің мәліметтері бірыңғай жоғары білім берудің платформасында болмаса, онда диплом генерацияланбайды.

Заңсыз дипломның салдары уақыт өтпей анық байқалады. Себебі жалған маман ертең маңызды салада жұмыс істеуі мүмкін. Мәселен, біліксіз мұғалім сапасыз білім алған оқушыны тәрбиелейді, ал нашар дайындалған дәрігер адамның денсаулығына қауіп төндіруі ықтимал.

ЖАНДОС ТҰЯҚОВ, ЗАҢГЕР:

Жалған диплом дейік, бұл жалған құжат болсын, яғни бұл жерде ҚР ҚК 385-бабы бар. бұл бапта жалған қандай да бір құжаттарды жасау немесе оны пайдалану қандай да бір азаматқа құқық берсе, 4 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған.

СЕРЖАН АЙТЖАН, ТІЛШІ:

Бірнеше күнде диплом жасауға болады. Бірақ бірнеше күнде білім алу мүмкін емес. Өйткені ол, жай ғана қағаз емес, ол адамның білімі мен біліктілігін дәлелдейтін құжат.