Президент «Бәйтерек» холдингінің басқарма төрағасы Рустам Қарағойшинді қабылдады

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің басқарма төрағасы Рустам Қарағойшинді қабылдады

Кездесу барысында Президентке бұған дейін берілген тапсырмалардың орындалу барысы және холдингті дамытудың негізгі бағыттары туралы есеп берілді.

Рустам Қарағойшиннің мәліметінше, холдингтің инвестициялық және кредиттік портфелі 14,3 триллион теңгеге жеткен. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті 16,5 триллион теңгеге дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Сонымен қатар жыл сайынғы таза пайда көлемі 400 миллиард теңгеден асады деген болжам бар.

2025 жылдың қорытындысы бойынша «Бәйтерек» холдингінің қолдауымен 77,5 мың отбасы баспанамен қамтамасыз етілген. Оның ішінде тұрғын үй кезегінде тұрған 11,6 мың отбасы баспана алған.

Сондай-ақ өткен жылы холдинг 77 ірі инвестициялық жобаны және шағын және орта бизнеске арналған 27,4 мың жобаны қаржыландырған. Бұдан бөлек, экспортқа өнім шығаратын 131 кәсіпкерге қолдау көрсетіліп, 7,2 мың ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші көктемгі егіс жұмыстарына қажетті 11,4 мың техниканы лизингке алған.

Кездесуде «Бәйтерек» холдингінің трансформациясы мен жаңа ұзақмерзімді даму стратегиясы да таныстырылды. Жаңа тәсіл активтерді тиімді басқаруға, бизнестің дамуына қолайлы жағдай жасауға және халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған проактивті инвестициялық холдинг моделіне көшуді көздейді.

Сонымен қатар жыл соңына дейін Инвестициялық кеңестің қарауына импортты алмастыруға, экспорттық әлеуетті арттыруға және инфрақұрылымды дамытуға бағытталған 26 инвестициялық жобаны енгізу жоспарланып отыр.

Кездесу қорытындысында Мемлекет басшысы экономиканың орнықты өсімін қамтамасыз ету және ұзақмерзімді инвестициялар тарту маңызды екенін атап өтті. Президент шағын және орта бизнесті қолдау тетіктерін күшейтуді, сондай-ақ азаматтар үшін тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыруды тапсырды.