Астанадағы кофеханалардың бірінде Құраннан сүрені жатқа айтқан келушілерге тегін кофе ұсынылған акцияға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы пікір білдірді.
Кофехана иесі әлеуметтік желідегі парақшасында «Бір сүре – бір кофе» атты акция жариялап, Құраннан сүрені жатқа оқып бергендерге тегін сусын ұсынған.
ҚМДБ мұндай бастамалар адамдарды Құран оқуға ынталандыратындықтан, жалпы алғанда құптарлық екенін атап өтті.
«Құранға бет бұруға ынталандыратын кез келген бастама оң бағаға лайық. Алайда қасиетті Құран сүрелерін оқуды материалдық сыйақы алудың шарты ретінде қабылдамауды қамтамасыз ету маңызды», – деп мәлімдеді мүфтият.
Ал Астана қаласының Дін істері жөніндегі басқармасы кофехана иесімен профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілгенін хабарлады.