Kazakhstan vs World: Қазақстанның жас шахматшылары әлем құрамасымен бақ сынады

Фото: ДЮС

Алматыда университеттер арасындағы командалық әлем чемпионаты аясында жасөспірімдер арасында Kazakhstan Boys Team – World Boys Team және Kazakhstan Girls Team – World Girls Team матчтары өтті. Ойындар алдымен рапид, кейін блиц форматында ұйымдастырылды.

Рапидте де, блицте де Қазақстанның ұлдар құрамасы әлем құрамасынан басым түсті. Ал қыздар арасындағы кездесулерде жеңіс әлем құрамасына бұйырды. Матчтың жалпы жүлде қоры 15 миллион теңгені құрады.

Қазақстан шахмат федерациясының бірінші вице-президенті Дармен Садвакасовтың айтуынша, мұндай матчтың ұйымдастырылуы қазақстандық жас шахматшылардың жоғары деңгейін көрсетеді.

– Соңғы екі жылда біздің балалар мен жасөспірімдер құрамасы әлемдегі үздіктердің қатарында. Сондықтан әлем құрамасын матчқа шақыру туралы шешім қабылдадық. Бұл тәуекелді қадам болғанымен, командамыз өз мүмкіндігін дәлелдеп, жеңіске жетті. Университеттер арасындағы командалық әлем чемпионаты аясындағы бұл матч бүкіл жарыстың көркін аша түсті, – деді ол.

Әлем құрамаларының капитаны, ФИДЕ-нің арнайы тапсырмалар жөніндегі директоры әрі Грузия шахмат федерациясының президенті Акакий Иашвили Қазақстанда шахматтың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.

– Бұл матч Қазақстанда шахматтың қаншалықты жылдам әрі сенімді дамып жатқанын көрсетті. Ешбір ел ұлттық құрама мен әлем құрамасы арасында мұндай матч өткізген емес. Қазақстандық ұлдар құрамасының жеңісі – үлкен жетістік. Қыздар да лайықты өнер көрсетті. Қарсыластар құрамында 2026 жылғы әлем чемпиондары болды, сондықтан тартыс өте жоғары деңгейде өтті. Қорытындысында достық жеңді, – деді Акакий Иашвили.

4 тамызда өткен рапид бәсекесінде Қазақстанның ұлдар құрамасы әлем құрамасын 14,5:9,5 есебімен жеңді. Ал қыздар арасындағы матчта әлем құрамасы 18:6 есебімен басым түсті.

5 тамызда өткен блиц матчында да Қазақстанның ұлдар құрамасы жеңісті жалғастырып, қарсыластарын 27,5:20,5 есебімен ұтты. Қыздар арасында әлем құрамасы 27:21 есебімен жеңіске жетті.

Қазақстан шахмат федерациясының атқарушы директоры Гүлмира Дәулетова командалардың дайындығына үлес қосқан бапкерлерге алғыс айтып, Федерация президенті Тимур Тұрловтың жас шахматшыларды қолдауға бағытталған бастамаларына тоқталды.

– 2023 жылдан бастап оның бастамасымен арнайы бағдарлама жүзеге асырылып келеді. Соның аясында жыл сайын 34 бала алтын және күміс пакеттер бойынша гранттық қолдауға ие болады. Бапкерлер штабының еңбегі мен федерацияның қолдауының арқасында жас шахматшыларымыз жоғары нәтиже көрсетті, – деді Гүлмира Дәулетова.

Айта кетейік, жарысты Халықаралық шахмат федерациясы (FIDE), Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі, Қазақстан шахмат федерациясы және Алматы қаласының әкімдігі ұйымдастырды.