Ресейден жеткізілген қарағайдан қауіпті зиянкес табылды

Фото: ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі

Абай облысында Ресейден жеткізілген карантиндік ағаш материалының құрамынан аса қауіпті зиянкес анықталды.

Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің Абай облысы бойынша аумақтық инспекциясы мамандары Семей қаласына Ресей Федерациясынан әкелінген көлемі 58,2 текше метр қылқан жапырақты дөңгелек ағаш материалына (қарағайға) қайта карантиндік фитосанитариялық тексеру жүргізген.

Тексеру барысында ағаш материалынан қарағайдың қара мұртты қоңызының (Monochamus galloprovincialis) дернәсілдері табылған. Бұл – Қазақстан аумағына таралуына жол берілмейтін аса қауіпті карантиндік зиянкес.

Аталған дерек бойынша мемлекеттік инспектор Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 400-бабының 2-бөлігіне сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырды. Іс материалдарының мәні бойынша қарау және тиісті шешім қабылдау үшін Семей қаласының мамандандырылған әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі сотына жолданды.

«Карантинге жатқызылған өнімдерді ел аумағына әкелу кезінде фитосанитариялық заңнама талаптарын сақтау міндетті. Бұл талаптар орман қорын және қоршаған ортаны қауіпті карантиндік зиянкестерден қорғауға бағытталған», – деп еске салды Ауыл шаруашылығы министрлігі.