Қазақстанда енді стрим арқылы сауда жасайтындар да бақылауда болады

  • AstanaTV
  • 07 тамыз 2026

Қазақстанда енді стрим арқылы сауда жасайтындар да бақылауға алынады. Әлеуметтік желі арқылы тікелей эфирде тауар сататын немесе онлайн-саудамен айналысатын азаматтар да салық органдарының мониторингіне ілінеді. Мобильді аударымдар белгілі бір мөлшерден асса хабарлама келеді. Толығырақ тілшіміз тарқатады.

ӘЙГЕРІМ ЕСЕНКЕЛДІ, ТІЛШІ:

Ең соңғысы қалды достар, төлемді экрандағы нөмірге жібереміз! (стримда сауда жасап отырған сияқты).

Осылай тікелей эфирде сауда жасайтындар көбейген. Бірі тауарын сатса, енді бірі артық заттарын таратып отырады. Экранда нөмір көрсетіп, бірнеше сағатта мыңдаған зат өткізіп, миллиондаған теңге табыс тауып отыр. Енді мұндай кірістер де бақылауда болады.

Тікелей эфирде сауда жасап, 3 ай бойы 100 түрлі адамнан миллионнан асатын мобильді аударым түскен жағдайда хабарлама келеді. Онда азаматқа жеке кәсіпкер немесе өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұлға ретінде тіркелу, табысын көрсету және тиісті салықтарды төлеу міндеттеледі. Бұл салық түсімін көбейту үшін ғана емес, бизнестегі әділ бәсекелестікті қамтамасыз ету үшін қолға алыныпты.

ҚР ҚАРЖЫ МИНИСТРЛІГІ МЕМЛЕКЕТТІК КІРІСТЕР КОМИТЕТІ:

 Салық төлеушіні ақпараттандыру кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға арналмаған банктік шотқа жеке тұлғаның қатарынан үш күнтізбелік айдың әрқайсысында 100 және одан да көп әртүрлі тұлғадан ақша қаражатын алғаны және көрсетілген кезеңдегі түсімдер сомасы ең төменгі жалақының (ЕТЖ) 12 еселенген мөлшерінен асқаны туралы ақпараттық хабарламаны «Салық төлеушінің кабинетіне» жолдау арқылы жүзеге асырылады.

Онлайн кәсіп жүргізіп жүрген Мадина Биназар да стрим арқылы қомақты табыс тапқанын, алайда сол кезеңде ешқандай сұраныс немесе хабарлама түспегенін айтады. Ол заңды сауданы құптайтынын айтып, салық талаптарының орынды екенін жеткізді.

МӘДИНА БИНАЗАР, TIKTOK САРАПШЫСЫ:

Осы екі жылдан бастап мемлекет салық бойынша бізге ешқандай сұраныс жасаған жоқ. Ең көп енді 5 сағатта бір 2 миллиондай жоғары жасадық, тіпті 5 сағатта емес, 3 сағатта. Біз енді бизнес жасап жатқаннан кейін, тауар сатып жатқаннан кейін обязательно 3%, 4% салық төлеуге міндеттіміз, мейлі онлайн болсын, мейлі оффлайн болсын. Енді бұл жақта енді қараңыз, қазір көп адамдар енді тікелей эфирмен сауда жасайды, үйде отырып сауда жасайды. Енді сол кісілерге айтарым тек қана ИП-мен заң бойынша сол салық төлеуге міндетті.

Ақпараттық хабарлама келген адам оған жауап беруі міндет емес. Алайда азаматтың табысына қатысты өтізген есебінде сәйкессіздіктер анықталса, түсіндірме ұсынуы тиіс болады.