Астаналық ата-аналар "BINOM" мектептеріндегі орын тапшылығына наразы

Астанада BINOM мектептеріне балаларын қабылдата алмай жүргендер тағы бас көтерді. Аталған оқу орнының дәл іргесіндегі үйдің оқушыларына орын жоқ. Ата-аналардың айтуынша,  босаған орындар санаулы минутта жоқ болады. Ал электронды жүйе керек кезде істен шығады. Заманауи инфрақұрылымы бар жаңаша мектепке түсу неге қиын? Мәселенің мән-жайын тілшіміз анықтап көрді.

Ыбырай Алтынсарин атындағы BINOM мектебінің маңы бүгін де  шулы. Білім ордасының тура жанында тұратын отбасылар балаларын мектепке бере алмай отыр. Сөздеріне құлақ түрсек, бұл білім ордасынан орын алу жыл өткен сайын мүмкін болмай барады. Мұндай процесс Астанадағы 6 BINOM-ға ортақ. Әлеуметтік желіде де аталған мектептер желісінің жұмысына қабақ шытқандар көп.

МӨЛДІР СӘДУАҚАСОВА,  КӨПБАЛАЛЫ АНА: 

Мен көпбалалы анамын. Дәл мектептің жанында Бектурова 11 А-да тұрамын. Неге менің балам екінші жыл резервте тұрмын кіргізе алмай жүрмін. Үлкен қызым осында оқиды. Уже 6-сыныпқа көшті. Екінші баламды ешқалай кіргізе алмай жүрмін. Күнде «рахмет аха» деп шығарып салады. Болды. Үш күн келіп қатарынан өтініш жазамын. Ол қарала ма, қаралмай ма білмеймін.

БАЛАУСА РАХМЕТОЛЛАҚЫЗЫ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: 

Біз мына есіктің алдындағы мектепке бере алмаймыз, біздің балалар неге автобуспен айналып басқа мектепке баруы керек мұз қатқанда? Кішкентай бала үлкен бала емес. Үлкен баланың өзін анау жаққа жіберу.. Қыстың күні үш жарымда қараңғы батып кетеді. Біз оны алаңдап отыруымыз керек. Ол үйге келе ма, ойнап кетема біл білмейміз ғой. Есіктің алдынан қарап отырамыз ғой.

Ал «BINOM» мектебінің әкімшілігі «OQU» бірыңғай платформасы арқылы мемлекеттік тапсырыспен жұмыс істейтіндерін алға тартады. Сайттың жүктемені көтермей қалуы олардың құзыретіне кірмейтін көрінеді. Алыс-жақынына қарамастан оқушылардан бас тартуға орын тапшылығы себеп дейді. Мұнда бір бос орынға кемінде үш адам таласып жатыр. Әсіресе, орыс тілінде оқитындардан сұраныс шектен тыс көп.

ШАРБАНУ ҮЙСЕНБАЕВА, BINOM МЕКТЕПТЕР ЖЕЛІСІНІҢ АКАДЕМИЯЛЫҚ ДИРЕКТОРЫ: 

Биыл біз Астана қаласындағы BINOM мектептерінде шамамен 1650 орын аштық, ал түскен өтініш саны 6000-нан асады. Бұл бір орынға үш баладан келеді деген сөз. Сондықтан барлық өтініш бір порталға келіп түскендіктен, кезек ретімен қаралады. Алғашқы 1650 бала қабылданады, ал қалғандары, өкінішке қарай, сол маңда тұрса да қабылданбайды.

Астана қаласының Білім басқармасы кезек заңға сәйкес жылжиды дейді. Мектептің іс жүзіндегі сыйымдылығы мен сұраныс арасында алшақтық жоғары.  Сыныптағы оқушы санын шексіз көбейтуге тағы болмайды.

АЯЖАН АМАНТАЙҚЫЗЫ, АСТАНА ҚАЛАСЫ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 31 тамыздағы №564 бұйрығына сәйкес, білім беру ұйымы сыныптардың толық жинақталуы және жобалық қуаттың асып кетуі жағдайында қосымша оқушыларды қабылдаудан бас тартуға құқылы. BINOM мектептері мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында салынғандықтан, ондағы сыныптардың толымдылығы белгіленген нормативке сәйкес бір сыныпта 25 оқушыдан аспауы тиіс. Аталған мектептерге қабылданатын оқушылар саны жобалық қуатынан асып кеткен жағдайда, білім алушыларға тұрғылықты жеріне жақын орналасқан мемлекеттік жалпы білім беретін мектептерден орын ұсынылады.

Ата-аналар оқу жылы басталғанша бір орын босап қалар деген үмітпен мектеп табалдырығын күнде тоздыруда.