Үндістанда аю ер адам мен қарындасын өлтіріп, денесін бөлшектеген

Фото: видеодан кадр

Үндістанның Чхаттисгарх штатында жабайы аюдың шабуылы салдарынан екі адам қаза тауып, тағы екі тұрғын ауыр жарақат алды

Оқиға кезінде 45 жастағы ер адам мен оның 40 жастағы қарындасы егістік алқабында жүрген. Жыртқыш оларға тап беріп, екеуін де өлтірген. Аю құрбандардың денелерін бөлшектеп, біраз уақыт бойы оқиға орнынан алыстамаған.

Қанды оқиғаның кадрлары әлеуметтік желіде тарады. Кейін жыртқыш ауыл аумағына кіріп, тұрғындарға қауіп төндірген. Оны ұстауға келген құтқарушылар мен орман шаруашылығы қызметкерлерін де жақындатпай, тіпті арнайы көлікке қарай ұмтылған.

Ұзаққа созылған операция барысында мамандар аюды ұйықтататын дәрі салынған оқпен атып, ақыры қолға түсірген. Алайда ашуға булыққан жергілікті тұрғындар ес-түссіз жатқан жануарды таяқпен ұра бастаған. Оқиға орнына келген полиция оларды тоқтатып, аюды қорғауға мәжбүр болған.

Алдын ала мәлімет бойынша, шабуылдан аз уақыт бұрын жыртқыштың қонжығы өлі табылған. Мамандар аюдың агрессивті әрекетіне осы жағдай себеп болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.

Қаза тапқан екі адамның отбасына билік тарапынан 600 мың рупийден, яғни шамамен 2,9 миллион теңгеден өтемақы төленетіні хабарланды.

Жергілікті тұрғындар болса, билікке наразылық білдіріп отыр. Олардың сөзінше, жабайы аңның елді мекен маңында жүргені туралы алдын ала ескерту болғанымен, қауіптің алдын алу үшін тиісті шаралар уақытында қабылданбаған.